Чехияның астанасы Прага қаласында отандастарымыз өте көп. Бірі - білім іздеп барса, бірі - тәжірибе алмасуға, ел тынысымен танысуға келгендер. Сайтымыздың оқырманы Әлихан Карипхан Прагада 4 жылға жуық өмір сүреді және бізге Прагадағы қазақстандықтардың өмірімен таныстыру ниетімен фоторепортажын жолдаған екен. Бірге тамашалайық.
Саликжанов Рүстем, 22 жаста. Прагада 2 жыл
«Чехия мемлекетінің оқу орындары чех тілінде оқитындарға тегін дегенді естіп, жарты жылға тіл оқытатын курсқа келдім. Мен таңдаған курс Чехияның екінші үлкен қаласы Брнода орналасқан. Курс тек жарты күнге созылатындықтан, кешке қарай досатарыммен бокс секциясына жазылдық. Қазақстанда өзім үшін бокспен шұғылданатынмын».
«Бірде залда жаттығып жүргенімді көріп, жергілікті жаттықтырушы маған қалалық боксерлер арасында өтетін жарысқа шақырды. Онда қарсыласымды 2 раундқа жеткізбей жеңдім. Өзім үшін бірінші жарыс және жеңіс болды. Жарыста мені байқаған қалалық бокс клубының өкілдері бірінші лигаға клубтың құрамасынан өнер көрсетуге ұсыныс білдірді».
«1 Лига Чемпионаты айына бір рет Чехияның бокс клубтарының арасында өтеді. Кездесу «стенки на стенку» тәсілімен жүргізіледі. Жеңген боксшыға 2000 чеш. крон (15000 тг) ал жеңілгенге 500 чеш.крон (4000 тг) төлейді».
«2013 жылдан бері Брно қаласының атынан 8 жекпе жекте тек бір ақ рет жеңілдім. Менің жаттықтырушым Қазақстандық боксшыларда рух бар дейді. Шыныменде мен әр жекпежегімде тек чехтан ұтылып қалмауды ғана мақсат қоямын, сөйтіп намысқа тырысамын».
Дарья Усова, Прагада 7 жыл
«Мен отбасымнан бірінші болып Прагаға жол аштым. Қазір осында ата-анам мен бауырларым тұрады. Кішкентай кезімнен Belly dance биімен айналысатындықтан, осында келгенде бірінші табыс көзім осы болды. Басында шағын топтарға, өзіміздің жерлестерге курс ашқан болатынмын. Бірақ келе-келе ТМД-тар көбейген сайын Прагада менің студиям да кеңи түсті. Қазір міне мен өзімнің жеке студиямның жемісін көріп отырмын».
«Өз ісімді ашу басқы уақытта оңайға түспегені рас. Жалпы Belly dance Прагада аса дамымаған. Бірақ осы өнермен күн көріп жүрген адамдар маңайына аса жақындатқысы келмейді. Мені конкурстарға қатыстырмаған кездері де болды. Алайда оларды ақылмен жеңіп қана қоймай, аталмыш конкурстарынан да жүлделі болып жүрмін».
«Сонымен қатар жергілікті шығыс ресотрандарының акцияларында өнер көрсетемін. Бірақ Прагада қалу ойымда жоқ. Қазір алматылықтармен келіс сөз жүргізіп жатырмын, алдағы жылдары елге қайтамын осында алған тәжірибемді сонда жалғастырмақпын».
«Тарлан» ұйымы, Прагада 5 жыл
«Чехия Республикасындағы қазақстандық «Тарлан» жастар бірлестігіне биыл 5 жыл толды. Біздің басты мақсатымыз қазақстандықтардың басын қосып, бос уақыттарын белсенді өткізуге көмектесу. Қазақстандағы жастардың көбі бізді мында тек «kazakh party» ұйымдастырумен ғана шектеліп қаламыз деп ойлайды. Бірақ мұнда ай сайын конкурстар, интелектуалды ойындар және сан түрлі спорттық шаралар ұйымдастырамыз».
«Сонымен қатар, біз жылда жаңадан келген студенттермен таныстыру кешін жасаймыз. Олармен жетене танысып таңдаған мамандықтары бойынша осында сол мамандықпен оқып жүрген «Прагалық» студенттерге бөліп береміз. Ал Прагалықтардың міндеті әлі «Қазақстандықтарды» сессияға дайындап, жарты жыл қамқорлық көрсету».
«Еліміздің басты мейрамы Тәуелсіздік күніне орай қайырымдылық балын ұйымдастырдық. Бір ай бұрын Балқаш, Шымкент, Алматы қалаларындағы балалар үйіне хабарласып балалардан қандай сыйлық алғысы келетіндігінің тізімін алдық. Әрине онда Iphone 5, Ipad сияқты қомақты сыйлықтар да бар. Бірақ біз ондай үлкен сыйлық жасамасақ та, шамамыз келгенше сұраған заттарын алуға тырысамыз. Ал қайырымдылық балына кіру құны 400 крон (3200 тенге) болды. Мұндай балды бұрын соңды ұйымдастырмаған едік бірақ шарамыз жақсы деңгейде өтті. Бірақ алдағы уақытта бәлкім біздің жастардан көбірек белсенділік болады деп сенеміз».
Арман Аманғазин, Прагада 4 жыл
Арман Карлов университетінің медицина факультетінде оқиды. Оқуы таңғы сағат 7 басталып кеш бітетіндіктен суреттерін архивтен алуға тура келді.
«Мені оқымаған кезде тек аэропортта көре аласыздар. Онда Duty free дүкендерінде жұмыс жасаймын. Өзімнің графигіме қарай ыңғаландырып алғаннан кейін болар, жұмыс пен оқуды қатар алып жүру қиын емес. Аптасына үш рет барамын. Сағатына 120 корн (960 тенге) ал мейрамдар 150-200 кронға дейін барады».
«Прагада қазақстандық жастардың көбісі жұмыс жасап, өз күндерін өзі көріп жүргендер бар. Бірақ олардың көбісі қазақтар емес. Қазақстандағылар шетелде оқып жүргендердің бәрі байдың ерігіп жүрген балалары деп ойлайды. Әрине ондайлар да жетерлік. Бірақ бюджеттің де, әке-шешесінің де қаражатына сүйенбей Чехияда тегін оқуға берілген мүмкіндікті пайдаланып жүргендердің саны әлдеқайда көп».
To be continued …
Фоторепортажды дайындаған: Әлихан Карипхан
Жолдаған: Назым Әшімхан