Саяхат жасауды сүйесіз, бірақ көп уақытты талап ететін құжат дайындау үдерісі кедергі болып жүр ме? Ендеше сізді визасыз шығуға болатын елдер туралы ақпарат қызықтырары анық. Расында, Қазақстан азаматтарынан көп құжат талап етпейтін елдер бар және олар аз емес. Әлемдегі 194 елдің 64 еліне визасыз шығуға болады. Демек, әлемдегі елдердің үштен бір бөлігіне ешқандай қатаң талаптарсыз кіруге рұқсат етілген.
Бұрынғы КСРО елдері
Алдымен посткеңестік территориядағы 10 елді айтуға болады. Олар: Ресей, Беларус, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан және Молдова. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа орай Беларус пен Ресейге, сонымен қатар, одаққа үміткер Қырғызстанға жеке куәліктің көмегімен шығуға да болады. Одан бөлек, Түрікменстанға еліміздің Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары 5 күнге визасыз өте алады.
Еуропа
Бұрынғы КСРО елдерінен бөлек Еуропаның да бірнеше еліне ешқандай визасыз шығу мүмкіндігі қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, Еуропаның Сербия (30 күн), Албания (90 күн) және Черногория (90 күн) сынды үш еліне төлқұжатқа виза баспай кіруге рұқсат етілген. Ал егер сіз осыған дейін екі рет Шенген визасын алған болсаңыз, онда Андорраға да еркін кіруге мүмкіндігіңіз болады.
Америка
Солтүстік Америка: Антигуа және Барбуда (1 ай), Гаити (3 ай), Барбадос (28 күн), Никарагуа (шекарада виза басу), Ямайка (шекарада виза басу – $20), Сент-Винсент және Гренадин (1 ай), Доминикан Республикасы (30 күн – $10),
Оңтүстік Америка: Аргентина (30 күн) және Эквадор (90 күн).
Азия және Африка
Азия құрлығында визасыз күруге болатын 19 ел бар. Олар: Түркия (30 күн), Лаос (30 күн – $30), Ливан (3 ай), Непал (15 күн – $25, 30 күн – $40, 90 күн – $100), Бахрейн (14 күн), Гонконг (14 күн), Иордания (1 ай – 10 иордан динары), Камбоджа (30 күн – $20), Таиланд (15 күн – 1000 бат), Сейшел аралдары (1 ай), Филиппин (30 күн), Шри-Ланка (30 күн – $35), Оңтүстік Корея (Корея Республикасы) (30 күн), Қытайдың Хайнан аралы (15 күн), Монғолия (90 күн), Макао (30 күн), Мальдив аралдары (30 күн), Малайзия (1 ай) және Шығыс Тимор (30 күн – $30).
Қазақстандықтарға Африкадағы визасыз ашық елдер: Бурунди (шекарада виза басу), Гвинея (шекарада виза басу – $80), Джибути (1 ай – 5000 джибути франкі), Замбия (3 ай – $50), Кабо-Верде (шекарада виза басу), Кения (3 ай – $50), Комор аралдары (шекарада виза басу), Маврикий (60 күн), Мавритания (шекарада виза басу), Мали (шекарада виза басу), Мозамбик (30 күн – $25), Намибия (3 ай), Сомали (30 күн), Того (7 күн – 35000 Батыс Африка франкі), Уганда (3 ай – $50), Тунис (визасыз ел).
Мұхиттағы аралдар
Мұхиттағы аралдарда демалуды жоспарлаған қазақстандықтар үшін мына ақпарат пайдаға асары анық. Мұнда Қазақстан азаматтары үшін Батыс Самоа (60 күн), Тувалу (1 ай), Ниуэ (30 күн), Микронезия Федеративті штаттары (30 күн), Палау (30 күн) елдері ашық.
Өздеріңіз байқағандарыңыздай, ел азаматтарының саяхаттауына көптеген елдерде қолайлы жағдай жасалған. Ескерте кететін жайт, кез келген туристік ел визаның құнын өзі бағамдайды. Сондықтан сапарға шығар алдында анықтап алғаныңыз жөн.
Сурет: bigmir.net
Оқи отырыңыз:
Виза алу кезінде жіберілетін қателіктер
Қай елдерге саяхаттауға бармаған жөн?
Аустрияның аңызға айналған жерлеріне саяхат
Менің Тайландтағы күндерім #4