Қазақ жігіті велосипедпен әлемді шарлауда

Бейбітшілік заманында саяхаттың әртүрлі типі пайда болды. Қазіргі заманның жастары әлемді шарлауға көп қаржының қажеті шамалы екенін де өз тәжірибелерімен дәлелдеуде. Студенттер көбіне оқу бабымен саяхатқа шығу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысса, қызығушылығы жоғары адамдар бар жұмысын тастап, дүние жүзін саяхаттауға барып жатыр. Солардың бірі – Мағжан Сағынбаев.

Оның әлемді шарлау идеясы couchsurfing.com сайтына тіркелуден басталыпты. Сайттың мақсаты жаһандану үдерісі негізінде саяхаттың мүмкіндіктерін арттыру болып келеді. Айта кетсек, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ерікті адамдар сайтқа тіркеліп, саяхатшыларға тегін жатақ, тамақ және өзге де көмектерін беруді ұсынады. Одан қалса, өз ұлтына тән ерекшеліктерді айтып, ұлтаралық достастықты арттыруды мақсат етеді. Ал Мағжан болса, ағылшын тілін білу деңгейін жоғарылату үшін тіркелген екен. Расында виртуалды дос болғысы келгендердің өздері саяхатқа құмар жандар болып шыққан. Оларға да кезінде ерікті тұлғалар көмектескен екен. Сондықтан осындай идеяны жүзеге асыруға барынша қолдау білдіруді өз міндеттері деп біліпті. Қазақ жігіті алғаш рет Өзбекстанға саяхаттап, өзінің негізгі қызығушылығын тапқанын түсінеді. Кейіннен Ресей, Грузия, Армения, Түркия, Украина және Молдова елдеріне барып қайтады.

«Соңғы саяхатымнан Алматыға қайтып оралған соң, бірден келесі баратын жерімді жоспарлай бастадым. Көлікте саяхатқа шықсаңыз, әлемнің сұлу жерлерін өз көзіңізбен көруді жіберіп аласыз. Ал жаяу жүрсеңіз, тым көп уақыт жұмсайтын боласыз. Сол себепті мен велосипедіммен бүкіл әлемді айналып шығуды жөн көрдім».

Мағжан бір жарым жылға созылатын саяхатын толық жоспарлай алмағанын айтады. Себебі мұндай ұзақ уақытта не болып, не қоярын дөп айту қиын. Дегенмен, оның идеясын Қазақ Географиялық Қоғамының Президенті Нұрлан Абдуов бірден қолдайды. Сонымен қатар, Астана Моторс компаниясы мен Лимпопо дүкендері желісі демеуші болуды ұсынады.

Өткен жылдың 1 мамырында саяхатты бастаған Мағжан Сағымбаев қазір Қытай елінің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі шекараға жетіп қалғанын айтады. Артта қалған 10 ай бойында ол Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия, Аустрия, Германия, Швейцария, Франция, Испания, Колумбия, Эквадор, Аустралия, Тайланд, Камбоджа, Лаос елдерін кесіп өткен.

- Мағжан, әртүрлі елдің шекарасынан өту кезінде визаға байланысты түсініспеушіліктер болды ма?

- Келеңсіз жағдай саяхаттың басында, нақтырақ айтсам, Өзбекстаннан Түрікменстанға өтер кезімде орын алды. Түрікмен шекарашысы паспортымдағы транзитті визаның бес күнге арналғанына қарамастан, менің елде жүру күнімді бір күнге қысқартып тастады. Сол себепті Түрікменістанның құмды территориясын небәрі төрт күнде кесіп өтуге міндетті болдым.

Шекарада көп күттірген екінші жағдай Иран мен Әзірбайжан арасында болды. Менің паспортымда Арменияның мөрі басылғанын (содан бір жыл бұрын Арменияда болғанмын) көрген әзірбайжандар мені өткізгісі келмеді (Бұл екі ел арасындағы келіспеушілікке байланысты). Сондай-ақ, Эквадордан Колумбияға өту үшін 7 сағат күтуіме тұра келді. Себебі Колумбияның сыртқы туристермен байланыс негізінде құрылған елдердің тізімінде Қазақстан жоқ болып шықты.

- Бір күнде шамамен неше шақырым басып өтесіз?

- Кем дегенде 100 шақырым басуға тырысамын. Дегенмен оған жол, ауа райы, жел сынды кедергілер болып тұрады.

 - Саяхатты бастағаннан қазіргі уақытқа дейін қанша шақырымды артта қалдырдыңыз?

- Мен нақты білмеймін. Шамамен 20 мың шақырым артта қалған болар.

- Саяхат барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?

- Әртүрлі жағдайға байланысты есептен тыс қажет заттарды сатып алуға тұра келеді. Толық бір жылдан астам уақытты межелеп қамданып алу мүмкін емес. Тіпті жолда заттарыңызға мұқият болмасаңыз, ұрлатып алуыңыз да әбден мүмкін. Айта кетсем, менің алғашқы велосипедім Центурион болған. Дегенмен, оны Барселонада ұрлап кетті. Кейін Алматы қаласының Almaty Bro Team велокомандасы Specialized велосипедін жеткізіп берді. Мен олардың осындай сәтте көмек қолын созғандарына ризамын. Саяхат барысында қуана көмек беретін адамдарды көп кездестірдім. Ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгергендігімнен, қарым-қатынас барысында еш қиындық туындай қоймады.

- Жоспар бойынша қанша уақытта елге қайтып ораласыз?

- Қазіргі есебім бойынша, 2-3 айда Алматыда боламын.

- Жол бойында өзіңіз сынды саяхатшыларды кезіктірдіңіз бе?

- Иә, жастардың қызығушылығы мол екенін түсіне бастадым. Әсіресе, Германия, Франция, Нидерланды, АҚШ және Аустралия елдерінің азаматтары әлемді танып-білуге құмар екен.

- Алматыға қайтып оралғаннан кейін тағы қайда саяхат жасауды ойлап жатырсыз?

- Мен Африка, Аляска және Сібірді көргім келеді.

- Сұхбатыңызға рақмет, Мағжан. Елге аман-есен оралуыңызға тілектеспіз!