Осыдан бірнеше ай бұрын өздеріңізге ертегідегідей таңғажайып әрі сиқырлы әлем - Дакарадағы "Қаймақ пен құлпынай қосылған" өзен туралы баяндап, басыңызды шайқатқан болатынбыз. Есіңізде ме?
Бүгін Әлемтану оқырмандары тағы да сондай аса құпиялы әрі аса сұлу мекенмен танысатын болады.
Аустралиядағы Решерш топаралында Хиллер аталатын көл бар. Көлдің ерекшелігі - алқызыл түсті суында екен. Судың түсі өте тұрақты.
Көлдің ұзындығы шамамен 600 метрді құрайды. Ал ені 200 метрден асады екен. Хиллердің жағалауы құммен көмкеріліп жатыр. Оған таяу маңда эвкалиптер мен шәй ағашының орманы жатыр.
Көл суының құпиясын ашу үшін бірнеше рет зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде ол туралы бірнеше нұсқа бар. Бір кездері судың түсі ондағы алуан түсті балдырлардың әсерінен өзгереді деген пікір айтылған болатын. Зерттеу жұмыстары оны да жоққа шығарды.
Құпия әлі күнге дейін шешілмеді. Жабулы қазан жабулы күйінде тұр.
ХХ ғасырдың басында бұл жерден тұз өндірілетін болған екен. Алты жыл бойғы қазу жұмыстарынан әбден әлсіреген көл бүгінде Аустралияның туристік орындарының біріне айналып отыр.
Суреттер: nat-geo.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева