Қауіппен бетпе-бет келгенде...

Қауіппен бетпе-бет келгенде...

Қауіппен бетпе-бет келгенде, бар болмысымыз ашылып, шынайы бейнеміз көрінеді. Батыр деп жүрген адам нағыз қорқақ, ал қорқақ дегендер батыр болып шығуы әбден мүмкін. Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алған небір оқиғалар осы сөзіміздің айғағы бола алады.

Мұғалім болу – үлкен жауапкершілік. Бұл туралы Қытайдағы бір ауылдың мұғалімі Фан Мезонг та білген шығар. Фан Мезонг әдеттегідей сабағын түсіндіріп тұрғанда, кенеттен жер сілкінісі басталады (2008 жылдың 12 мамырындағы жер сілкінісі болуы керек). Сонда мұғалім оқушыларына: "Сабыр сақтаңыздар. Бұл – жер сілкінісі" деп айтуын айтқанымен, бір сәтте өзі сыныптан сытылып шығып, ешкімге қарамай зытып берген көрінеді. 

Сөйтіп Мезонг мектептегі футбол алаңының ортасына дейін жүгіріпті. Сонда ғана есін жинап, оқушыларды үреймен бетпе-бет қалдырып кеткені ойына оралған екен. 

Білдей мұғалімнің бұнысы несі дейтін шығарсыз? Әлбетте. Өзіне осы сұрақты қойғанда ол: "Мен өз-өзімді қатты сақтаймын. Қауіп төнгенде, өзімнен басқа бәріне түкіргенім бар" деген екен. Осы жағдайдан кейін Мезонг жұмысынан босатылды. 

Титаник – айсбергке соғылған жалғыз кеме емес. 1849 жылы "Ханна" атты кеме де осыған ұқсас жағдайды бастан кешкен. 

Ханна суға батып бара жатқанда, ішінде 200 жолаушы болған еді. Апатты жағдайдан құтқаратын шлюпка әлбетте бәріне жетпеді. Тіпті, бір-ақ шлюпка болған еді. Сонда капитан не істеді деп ойлайсыз? Капитан командасымен әлгі шлюпкаға жармасып, суға секіріп кеткен екен. 

Өкінішке орай, Ханнада қалған жолаушылар өздері әрекет етпесе болмайтынын түсінді. Басқа амалдары қалмаған соң, айсбергтің өзіне үміт артып, кемеден мұзға қарай секіре бастады.

Енді қуанышты жағдай: Оларды құтқарушы топ келіп құтқарып алды. Жолаушыларды әкеліп орналастырған жерге кейінірек әлгі команда капитанымен бірге әкелінді. Қауіппен бетпе-бет келгенде, жандары үшін жанталасып, негізгі міндетінен тайқыған қорқақ командаға жолаушылар не деді екен?..

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: interesting-things.ru

Р. Роза