Қарбыз дәмді қар

Қарбыз дәмді қар

Қар дегенде көз алдыңызға ақ түстің келетіні, ақ түс дегенде қарды елестететініңіз айдан анық. Ал алқызыл қарды көргенде қайтер екенсіз? 

Әй, қайдам, ондай қарды көре алмайсыз-ау! Өйткені, бұл табиғи құбылысты арктикалық және альпілік аумақтардан ғана ұшырастыруға болады. Нақтырақ айтсақ, Солтүстік Оралда, Арктикада, Франц-Иосиф жерінде және Калифорнияда анық байқалады. Сондай-ақ, америкалық Сьерра-Невада ұлттық саябағында қыстыгүні қар бетінен ашық қызыл түсті дақтарды көре аласыз. Көзімен көріп, қолымен ұстағандар қардың дәмі қарбыздың дәміне қатты ұқсайтындығын жиі айтады.

Қызыл, алқызыл түстердің қалай пайда болғандығын түсінбей, аңтарылып отырған боларсыз. Бәріне де "кінәлі" - хламидомонада атты балдыр. Балдырлардың қан-қызыл түсі ақ көрпеге басқаша түс беріп, ерекше күйге бөлейді. Балдырдың да, түстің де, қардың да еш зияны жоқ. Ғалымдар қардың жеуге жарамды екендігін айтып отыр. Бірақ, балдырларда қаншама бактериялар мен улы заттардың жатқандығын кім білсін?

Хламидомонада балдыры өте төмен температураға бейімделген. Сондықтан, мұндай ерекше қарды қыстың беті қайтып, күн жыли бастағанда ғана көруге болады. 

Зерттеушілер, альпинистер мен шаңғышылар қарбызды қарды ХІХ ғасырдың аяғында ғана байқаған болатын. Ал қар туралы ең алғашқы деректер грек философы Аристотельдің қолжазбаларында кездеседі.

Суреттер:eco-mir.livejournal.com,kulturologia.ru,kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева