Ғылым мен техника қарыштап дамып, фантастикалық ашылулар күн сайын орын алып жатқан мына ғасырда сезімнің қарапайымдылығы мен қарым-қатынастағы шынайылық ауадай қажет. Достық, махаббат, адамгершілік деген ұғымдар өмір атты кітаптың әрбір бетінде бола бермесе де, ертегілер әлемінде толып жатыр. Бұл сөзімізге осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған Х.К. Андерсеннің Кай мен Герда туралы ертегісі дәлел бола алады. Ертегіні оқыдыңыз ба? Тым болмаса ертегі желісі бойынша түсірілген мультфильмді тамашалаған боларсыз? Есіңізге түскен болса, бүгін Әлемтану айдарымен бірге аталған ертегідегі Қар ханшайымына қонаққа барамыз.
Біздің сапарымыз ат басын тірейтін мекен – Австрия жерінде орналасқан. Қар ханшайымының сарайы орын тепкен Айсризенвельт (The Eisriesenwelt) деп аталатын мұздың үңгірі 42 шақырымды алып жатыр.
Неміс тілінен аударғанда үңгірдің атауы «мұзды алыптардың әлемі» деген мағынаны білдіреді. Таудың бұзылу үдерісі осыдан 100 миллион жыл бұрын басталған. Ал бүгінде туристер көркем сурет мұражайынан кем түспейтін мұзды үңгірді тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр. Мұндағы мұзды сеңдер температураның әр түрлі болуының әсерінен пайда болған: көктемде үңгірдің ішінде еріген қардан пайда болған жылғалар сорғалап тұрады да, лебі күшті желден кейін әр түрлі өрнектер сала отырып қатып қалады.
Айсризенвельт үңгірі туралы ұзақ жылдар ештеңе айтылмай келді. Жергілікті тұрғындар Қар ханшайымының сарайы туралы әңгімелерді ерекше үреймен айтатын болған. Олардың айтуынша, Айсризенвельт – тозаққа бастайтын қақпа екен.
Тек қана 1879 жылы Зальцбургтың табиғат зерттеушісі Антон Поссельт үңгірге кіріп көреді де, қалыптасқан пікірді жоққа шығарады. Антон бастаған зерттеу жұмыстарын оның жерлесі Александр фон Мёрк жалғастырады. Оның 1912 жылы жасаған саяхатынан кейін адамдардың қызығушылығы арта түседі.
Қазіргі таңда Айсризенвельтте жыл сайын 200 000 турист қонақта болады.
Суреттер:kulturologia.ru,friends.kz,ru.allwomenstalk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева