- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Жүрек жұтқан саяхатшы...
Жүрек жұтқан саяхатшы әйелдер
Колумб, Дрейк, Кук, Ливингстон, Кусто және басқа да атақты ер саяхатшылар ... Бұл тізімде, әйелдерге орын жоқ сияқты. Бірақ... Бұлардан кем түспес ерлік жасаған жиһанкез әйелдер де бар. Оны біреу білсе, біреу білмейді.
Жанна Барре
Дүние жүзін шарлаған тұңғыш әйел. Бұл 1766 жылы болды. Француз әйелдің әлемді шарлағысы келгені сонша, өз қауіпсіздігі үшін сырт бейнесін өзгертуді шешіп, ерлер киімін киіп, өзін басқа есіммен таныстырды. Тек осылай ғана Барре құрметті адмирал Луи Антуан де Бугенвилльдің экипажының мүшесі бола алды. Дереккөздер қыздың әшкерелену сәтін екі түрлі сипаттайды. Кейбіреулер Таити аралындағы жергілікті тұрғындар Жаннаның құпиясын ашты деп мәлімдейді. Басқалары экипаж мүшелері бұл жағдайды білгенде, Жаннаның бортта қалуы нағыз проблемаға айналғанын айтады. Теңізшілер кемедегі жалғыз әйелдің абыройына қол сұқпақ болады. Барре басқа кемемен Францияға оралады. Десе де оның есімі тарихта мәңгілікке қалды: бойжеткен арманын орындауға бар күшін салды.
Александра Потанина
Діни қызметкердің қызы бір сәтте тағдырын өзгерту туралы шешім қабылдаған. Ата-анасының қарсылығына құлақ аспай Александра жас ғалым Григорий Потанинге тұрмысқа шығып, оның соңынан ереді. Ол күйеуімен бірге 17 жыл бойы Орта Азияны шарлап, моңғол, бурят, қытай халықтарының өмірі мен дәстүрін зерттейді. Потанина көптеген кітаптардың, эсселердің, мақалалардың авторы, сонымен қатар Императорлық географиялық қоғамның алғашқы мүшелерінің бірі. Александраның өмірбаянын зерттегеннен кейін, әйелдің ғылымда орны жоқ деп айтуға батылың бармайды.
Нелли Блай
Америкалық репортер журналистикадағы әйелдерге тән емес бағытты – тергеуді таңдаған. Бикеш Нелли Блай лақап атымен мақалалар жариялады. Бірақ бұл оған жеткіліксіз болды. Батыл Нелли Жюль Верннің әйгілі романының сюжетін шын өмірде жүзеге асырып, 80 күнде жер шарын айналып шығуды ұйғарды. Блай шығарма кейіпкерінің жолын қайталап қана қоймай, одан асып түсті. Оған әлемді шарлау үшін 72 күн жеткілікті болды. Нелли өзінің саяхаттары туралы New York World газетінде айтты. Бір қызығы ол жазушы Жюль Верннен сұхбат алған екен.
Энни Лондондерри
Бұл кейіпкердің күнделікті өмірден жалығып кеткені сонша, үйінде үш баласы мен күйеуін қалдырып, экспедицияға аттанған. Еуропа мен Солтүстік Американы аралау жолындағы серік ретінде Энни велосипедті таңдады. Оның сапарға аттануына екі ер адамның өзара Томас Стивенсонның рекордын ешкім қайталай алмайды, 15 айда жер шарын кесіп өтпейдідеп бәс тігуі себеп болған. Энни бұл сөздерді жоққа шығармақ болды. Саяхатшы сұхбат беріп, қолтаңбасы бар суретін таратып, нағыз жұлдызға айналды.
Рози Суэйл-Поуп
Саяхатқа шыққан Рози өзіне пайда іздеген жоқ - ол қайырымдылық марафонына қатысты. 5 жыл бойы жүгірген ол Ресейдегі жетім балаларға көмектесу үшін 250 мың фунттан астам ақша жинап, қайырымдылық жасады. Саяхат оңай болған жоқ. Розиді көлік қағып, жамбасы сынып, аштан өле жаздады. Әлемді шарлау марафоны бұл мықты әйелдің алғашқы жетістігі емес. Ол бұған дейін Атлант мұхитын кесіп өтіп, екі рет «Құм марафонына» қатысқан.
А. Оралқызы