Сіз осы күнге дейін әуежайларда, вокзалдарда жоғалған немесе ұмыт қалған жүктердің жағдайы туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Әрине, біздің еліміздегі жоғалған жүктердің халін ешкім дөп басып айтып бере алмас. Ал АҚШ-тағы мұндай жүктердің барлығы Алабамадағы Скоттсборо атты шағын қалашыққа жіберіледі екен. Не үшін дейсіз бе? Өйткені мұнда жоғалған заттар сатылатын арнайы дүкен жұмыс істейді.
Бұл дүкеннен көптің арманына айналып жүрген Versace көйлегін 55$ , Adidas костюмін 15$, аз ғана қолданылған жапон тіс пастасын 50 центке, алмаз білезікті 7500$, алтын неке сақиналарын, алқаларды, гауһарларды өз бағасынан екі есе арзан бағаға сатып ала аласыз.
15000 квадрат метр көлемді алып жатқан бұл дүкенге жыл сайын миллионнан астам адам бас сұғып, 7 000 тауар сатып алады екен.
Бәрі қалай басталды?
1970 жылы Дойль Оуэнс атты сақтандыру агенттігінің қызметкері рейстік автобустарда жоғалған 100 сөмкені 300$ сатып алады да, 15000 ғана тұрғыны бар Скоттсборо қаласына әкеліп сата бастайды. Бір қызығы, оның сөмкелері бір күннің ішінде өтіп кетеді. Ол кейіннен бұл әрекетін үлкен бизнеске айналдырып жібереді. Қазір сөмке сатылған орында 110 адам қызмет ететін үлкен дүкен бар.
Дүкендегі тауарлардың алпыс пайызға жуығы киімдер. Олар бірінші қабатқа орналастырылған. Сондай-ақ, бұл қабатта кітаптар мен үнтаспалар сөресі бар.
Дүкенге сіз де бас сұғып көріңіз! Кім білсін, сіздің жоғалған затыңыз осы жерден табылып қалар...
Суреттер:piitbull.livejournal.com,tourismnews.by
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева