Жер астындағы қалалар

Жер астындағы қалалар

Археологтар 1963 жылы Анкараның оңтүстік-шығысынан екі бірдей үңгір қала орнын тапқан болатын. Олар қалалардың біріне – Каймаклы (сол жерге жақын орналасқан ауылдың құрметіне), екіншісіне – Деринкую деген атау тақты.

Бұл қалаларды табиғи құрылыстар деп атауға да болады. Өйткені, олар жанартаулардың нәтижесінде пайда болған. Оған қоса, жаңбыр мен жел қалаларға әртүрлі пішін беріп, адам сенгісіз етіп безендірген.

Ғалымдардың айтуынша, адамдар бұл жерлерді VIII және IX ғасырларда-ақ мекендей бастаған. Жер асты қалаларында таңғажайып шіркеулер, кітапханалар бар. Бұл жерге өтетін жолдар жер бетіндегі үйлердің ішіне жасырылған. Сондай-ақ зерттеушілер Деринкую қаласына бір мезгілде 300 мың адамның сыйып кететіндігін айтып, әлем халықтарын таң қалдырып отыр.

Деринкую Түркиядан 29 шақырым жердегі Каппадокия ауданына қарасты аумақта орналасқан. Қала 1963 жылы табылғанын айттық, ал 1965 жылы туристерге келуге жол ашылды. Жер асты қаласын тұңғыш ашушы – Демир мырза. Ол бір күні өзінің жертөлесін ашпақ болғанда, есіктің жанында біртүрлі ойықтың тұрғанын байқайды да, сол жерді шұқылай береді. Қадалған жерінен қан алмай қоймайтын Демир мырза сол кішкентай ойық арқылы Деринкую қаласын тауып алады.

Қала 85 метр тереңдікте орналасқан. Деринкую қаласы құрылысы өзгеше құдықтарымен ерекшеленеді.

Бүгінде аталған жер асты қалалары туристердің алыстан арбалап іздеп келетін сүйікті орындарының бірі болып отыр.

Суреттер:isi-n.blogspot.com,horde.kz,liveinternet.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева