Жазғы демалыс – көптің күтіп жүрген мерзімі. Көпшілік кезекті демалыста қыдыратын билетін алып, киімдерін дайындап, қазірден әзірленіп жатыр. Осындай кезде нендей нәрселерді ескеру керек екенін білесіз бе? Олай болса, мына кеңестерге құлақ түріңіз.
Алдын ала жоспар құрыңыз
Жазғы демалысты шетелде өткізгісі келетін жандар билеттерді алдын ала тағайындап қоюы тиіс. Бұл ақша үнемдеудің басты жолы. Біріншіден, билет қолда деп өз-өзіңізге сенімді жүресіз. Екіншіден, қалтаңыздан көп қаржы шығармайсыз. Өзге қалада демалатыныңызды шамамен 1-2 ай бұрын білсеңіз, авиакомпаниялар ұйымдастырған акцияларды аңдып жүріңіз. Демалыс маусымына қарай мұндай жеңілдіктер көптеп ұйымдастырылады. Осындай мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыз.
Билет аларда...
Жерді шарлап, көп қыдырып жүрген кәсіби адамдардың сөзіне сенсек, арзан билеттер халықаралық рейстерде 60 күн бұрын, ел ішінде 45 күн бұрын сатылымға шығады екен. Бұл үшін сізге 45 күннен кейін не болатынын күнтізбеден көріп алу керек. 45 күн дегеніміз мереке күндеріне түссе, арзан билеттің құны артары сөзсіз. Сонымен қатар, жұма күні кешкі мезгіл, сенбі және жексенбі күндеріне қарай билет тағайындау (брондау) қымбатқа шығады. Себебі, сіз секілді жұмысбасты басқа адамдар бұл күні басқа жерге кетіп қалғысы келеді. Яғни, бәрі сенбі, жексенбі күндеріне орайластырып алады екен. Демалыс күндеріне түскен билет әсте қымбат.
Бағаларды салыстырыңыз
Тұрақтайтын қонақүйлердің бағасын салыстырыңыз. Әр қонақүйдің қызмет көрсетуі, жабдықтарына назар аударыңыз. Ұсынушыға талабыңызды қоя біліңіз. Мысалы, ұсынушы сіздің таңдаған бөлмелерден тек біреу ғана қалды деді делік. Маркетингтік қулық бойынша сатып алушылардың дені «бұл – соңғы. Асығыңыз!» деген сөзге сеніп қалады. Бұл – басқа бөлмелер бос емес деген сөз емес. Әр қонақүйдің бірнеше ұсынушысы болады. Сізге қызмет көрсетіп отырған ұсынушыға берілген бөлме саны азаюы мүмкін. Өзге ұсынушыларға барсаңыз, сіз таңдаған бөлмені арзан бағаға тауып бере алады.
Сонымен қатар, таңдауыңыздағы қонақүйге қандай пікірлер айтылғанынан хабардар болуыңыз керек. Егер сізге су жаңа қонақүй ұсынылса, бірақ астында ешқандай пікір жазылмаса не өте аз болса, тәуекелге бел бууыңызға болады. Көптеген қонақүй ашылудан кейін келушілерден ұпай жинағысы келеді. Сол себепті, сапалы қызмет көрсетуге тырысады. Бағасы да «сапалы» болмақ. Кейбір қонақүйлер өз дәрежесінде қызмет көрсетпейді немесе жабдықтары көңілден шықпауы мүмкін. Олар да әзір түзелгісі жоқ. Себебі, «Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, кейбір бұрынғы келушілер осы жерді ғана уақытша мекендей береді екен.