Лондонның төріндегі «Жарықшақ» деп аталатын ең биік ғимарат ашылды. Ғимараттың соғылғаны жайлы мына жерде жазған болатынбыз. Ендігі жолы оның айналаны бақылау алаңы ашылып, Лононда ұлан-асыр тойға ұласқан. Қала мэры 300 метрлік биіктікке шығып, бұл жерден барлық Лондон ғана емес, тіпті Париж көрінеді деп мақтаныпты.
Салтанатты ашылуында 130 мың билет сатылған екен. Ең бірінші кірген 200 қонақ аспанмен таласқан зәу-ғимараттың суретін сыйлық ретінде алды.
«Бұл жерден 60 шақырым жерді көре аласыз. Дүниедегі ең керемет көріністі көру үшін лифтімен көтеріле аласыз» дейді жобаның бас менеджері Андерс Найберг.
«Жарықшақ» - еуропаның батыс бөлігіндегі ең биік үй. Ғимараттың 68, 69, 72 қабаттарында айналаны бақылай алатын арнайы орындар бар. Домалақ құрылымды ғимараттың үстінен Лондон қаласын алақандағыдай көре аласыз. Мамандардың айтуынша, «Жарықшақ» Ұлыбританиядағы туристер ең көп келетін нысан болып саналады.
«Бұл керемет! Лондонның үстімен ұшып бара жатқандай әсер аласыз. Бұл жерден Парижді көруге болады» дейді қала мэры.
Десек те, билет құны қымбаттау: ересектерге арналған билет – 40 доллар болса, балаларға арналған билет – 30 доллар. Айналаны бақылауға арналған жерде 12 бірдей электронды телескоп қойылған. Бұдан қаланың әрбір үйін нақтылап қарай алу мүмкіндігі бар. Ал арнайы қойылған мониторлар арқылы қаланың көрікті жерлерінің күндізгі, түнгі және күнбатыс уақытындағы келбетін көре аласыз...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: gorod.lv