Араб жазбалары ал-Карьятал-Хадиса десе, парсылар Дих-и Нау атаған Янгикент, яғни Жанкент қаласының тарихы тереңге кетеді. IX-XI ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған қала тарихына қатысты хикая да көп. Солардың бірі Бегім Ана туралы аңызда жырланады.
Бағзы бір заманда Жанкент қаласын Санжар есімді патша билепті. Саятшылықты жаны сүйетін ол сұлулығымен көпшілікті тамсандырған, күндей көркем күлімкөз Бегім есімді сұлуды жар етіп алған екен. Бегім Қарабура деген әулиенің қызы болыпты. Күндердің бір күнінде аңшылыққа шыққан патша қанжарын үйінде ұмыт қалдырған көрінеді. Аса қажетті жабдығын құлына әкелуді тапсырып, өзі аңшылығын жалғастыра береді. Құл Бегімге келіп, үйде отырған патша әйеліне жағдайды түсіндіреді. Сұлу әйел қанжарды жүзін көрсетпестен құлға ұсынады. Оның сүйріктей ақ саусақтарын көргенде құл есінен танып қалады. Біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп, патшаға барғанында Санжар одан неге кешіккенінің жөнін сұрайды. Ақталу үшін өтірік айтуды жөн санаған құл Бегімнің өзін білегінен ұстап, жібермей қойғанын жеткізеді. Бұл хабарға қатты ашуланған патша аңшылығын тоқтатып, үйіне қайтып келеді де жарының оң қолы мен оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп, зынданға тастайды.
Сол түні қызының күнәсіз екеніне көз жеткізген Қарабура әулие Санжардың түсіне еніп: «Санжар шырағым, сен де менің бір балам едің. Адам өзінің өмірлік жолдасы – әйеліне істің ақ-қарасын анықтап барып, жаза қолданбас па? Егер қызым сенің көзіңе шөп салса, сол бойы өмірлік мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Ал, адал болса, Тәңірі жәрдем беріп, жан жарасын да, тән жарасын да жазар. Оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтар!» депті. Шошып оянған патша уәзірін ертіп, зынданға түседі. Келсе, Бегімнің жаралары жазылып, қолы мен бұрымы баяғы қалпына келген екен. Таңданысы мен істеген ісіне өкінішін жасырмаған Санжар патшалықтағы барлық ақылдыларды жинап, кеңес құрып отырғанда қалаға қаптаған жылан келіп, Жанкентті жер бетінен жоқ қылыпты. Қаладан қашып шыққан Санжар ақыры шөл далада қорлықпен өліпті. Ал жарының сенімсіздігін кешіре алмаған Бегім құсқа айналып, теңіз жиегіндегі аралға ұшып кетіпті. Ал содан бері күйреп қалған қала қайта қалпына келмеген екен.
Назарларыңызға аты аңызға айналған Жанкент қаласының орнынан жасалған 3D турды ұсынамыз. Бір кездері бақшасы жеміске толы болған, айналасын жан-жануар мекендеп, қабырғаларын құс атаулы ұя еткен, керуен жолдары тоғысқан ғажап қаланың бүгінгі кейпі қандай екенін өз көздеріңізбен көріңіздер.