Жаңа Зеландияда қыдырып жүрген туристі кеа тотықұсы тонап кетті. Оқиға 52 жастағы Питер Лич көлігінен суретке түсіру үшін шыға бергенде орын алған. Осы уақытта терезесі ашық қалған фургонға тотықұстар кіріп кетіп, саяхатшының барлық ақшасын сыпырып алып кеткен екен.
Личтің айтуынша, құстардың көлікке кіріп кеткендігін жақын маңда серуендеп жүрген канадалық туристер айтып ескертіпті. Кейін "қонақтардың" көлікте жатқан әмиян ішіндегі купюраларды өздерімен алып кеткендігі белгілі болған. Содан соң саяхатшы бірден достарына телефон шалып, ақша салдыртқан.
Бар қызық туристің полицияға арыз берген сәтінде орын алды. Қабағы қатулы күймен отырған офицер арыз берушінің сөзін естігенде туристен күліп алуға рұқсат сұрап, әбден құмарын қандырыпты.
Кеа тотықұсы
Айта кетелік, Жаңа Зеландияда өмір сүретін кеа тотықұстарының бойы 45 сантиметр болса, салмақтары 1 килограмға дейін барып қалады екен. Бұл тірлік иелері туристерді адамдардан еш қорықпайтындығымен тартады. Дегенмен жергілікті тұрғындар оларды онша ұната бермейді. Себебі құстар көліктер мен киімдерді ластап, кейде қойларды да өлтіріп қояды екен.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: liveinternet.ru, chronoton.ru