- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Жаңа Нью-Йорк ...
Жаңа Нью-Йорк
Атақты жазушы туған қаласының сексен жылда қалай өзгергендігі туралы баяндайды.
Көп жылдар бұрын, сегіз жасар бала кезімде Бруклиндегі үш қабатты үйдің төбесіне шыққанымда, мен алғаш рет ғажайып бір сезімді бастан кешірген едім.
Дәл содан бірнеше апта бұрын біз (бұл 1943 жыл болатын) шулы зауыттың жанындағы бірінші қабаттағы зәй тартқан пәтерден жоғарғы қабаттағы жылуы жоқ басқа пәтерге көшкен болатынбыз. Мен оған дейін ешқашан шатырға жалғыз шықпаған едім. Тым қауіпті болғандықтан, анам ол жерді «қолдан жасалған құз» деп айтатын.
Бір күні ымырт түсе, ойнап жүрген достарым кешкі асқа үйлеріне кеткен. Мен анамның дүкенге шыққанын аңдып тұрдым да, «нар тәуекел» деп баспалдаққа аяқ бастым. Әп-сәтте қара қағазбен қапталған қара есіктің ілмегін аштым. Сол-сол-ақ екен, сықырлаған тақтайлар мен шағыл тастардың, мұржалар мен жайылған кірдің және құрқылдаған қалың кептердің әлеміне ендім де кеттім. Сонда маған өмір мүлдем басқаша сезіліп еді.
Батыстағы «Джерси» деп аталатын порттың арғы жағына қарай күн баяу еңкейіп барады. Бер жақ қарауытып тұр. Аспанда қызғылт тартқан тарпаң бұлттар сақ жылжиды. Жүк кемелері қара судың бетіндегі ақ көбікті қақ жарып, құдды бір ойыншық секілді асықпай қозғалып келеді. Соғыс уақытында жарық жағуға рұқсат берілмегендіктен Манхэттендегі зәулім ғимараттар көкпен астасып, тұтасып кеткендей. Қою көк аспанға жабылған қалың пердедегі майда тесіктер секілді жұлдыздар алыстан әнтек жымыңдайды. Төменгі жақтан елу шақты үйдің шатыры көрініп тұр. Осынау көз тартарлық сұлу пішін, керемет түстер мен жұмбақ көлеңкелерді біз «төңірек» деп атайтынбыз.
Мен осынау кереметті сипаттап бірдеңе айтпақ болғаныммен, сәтінде аузыма сөз түспеді. Тіпті сезімімді қалай жеткізерімді де білмедім. Сондағы айта алмай тұрған сөзім «Не деген ғажап!» болатын.
Алдағы шытырман оқиғаға толы өмірімде мені талай ғажаптар күтіп тұрған еді және олардың көбі «төңіректің» көрінбейтін шекарасынан асып, біз Нью-Йорк деп атап кеткен Манхэттенді шарлағанымда басымнан өтті.
Қонақ бөлмеміздің терезесінің тұсынан 7-көше көрініп тұратын, онда трамвайлар солтүстік пен оңтүстікке жүйткіп жататын. 9-көшеде метро станциясы «менмұндалайды». Трамвай вагондары салдырлаған күйі қара туннельге еніп, 4-көшедегі аялдамадан бір-ақ шығады. Есіктер ашылып, аспан көрінеді. Адамдардың бірі кіріп, бірі шығады, есіктер қайта жабылады. Вагондар салдырлай жылжып, Манхэттен ғажайыбына қарай қайта бет алады.
Кішкентай інім Том екеуміз трамвайдың бірінші вагонына отыруды ұнататынбыз. Терезенің алдында тұрып алып, алыстан жарқыраған аялдамаларды бақылаймыз. Ол жерден Чайнатаун мен Шағын Италияға метро қатынайтын. «Көрмегенге көсеу де таңсық» демекші, ондағы бөтен тілдердің гүбірі, адам түсінбес иір-қиыр жазулар бізге қызық көрінетін еді. Манхэттенің аспанымен астасып тұрған биік ғимараттар Бруклиннің көкжиегіне мүлдем ұқсамайды. 1945 жылы шілденің тұманды күндерінің бірінде, В-25 бомбылаушы ұшағы Эмпайр Стэйт Билдинг ғимаратына соғылған кезде Том екеуміз оны көру үшін 34-көшеге метромен барған болатынбыз.
Кейін мен қыдыруға, комикстарға, оқуға, сурет салуға, Доджерс кәсіби бейсбол командасына және көше бейсболына әуес бола бастадым. Сонымен қатар, Билли Холидэйдің, Эдит Пиафтың және бәрінен бұрын Френк Сенатраның өлеңдерін сүйіп тыңдаушы едім. Сол заманның басқа адамдары секілді менде де ақша болмайтын. Мен мектепке не кітапханаға, не саяжайға бара жатып, ас үй радиосынан естіген әуендерді ыңылдап айтып жүретінмін. Бозбала кезімде, демалыс күндері кейде метроға отырып алып өзім бұрын болып көрмеген станциядан түсіп, жаяу жүріп қайтатынмын. Осылайша үйлерді, ойын алаңдарын, мектептерді, дүкендерді, шіркеулерді және синагогаларды тамашалайтын едім. Мен сонда тұратын бейтаныс адамдардың өмірін елестетуге тырысатынмын. Әрбір жаңа аудан соншалықты таныс әрі жат көрінетін. Осы алып қала мен оның адамдары туралы оқиғаларды жаза отырып, мен біртіндеп жазушылыққа бет бұрғандығымды өзім де сезбей қалдым.
Қазір мен сегізде де, он сегізде де емеспін, мен қазір сексеннің сеңгіріне шықтым. Қазіргі Нью-Йорк ғажайыптары маған бір кезде өмір берген қалаға қарағанда көмескі көрінсе, ол аңсағандық емес. Біз Нью-Йорктықтар әрдайым даму үстіндегі, құрылысы үзілмейтін серпінді қалада өмір сүретіндігімізді білеміз. Бұның жақсы да, жаман да жақтары бар. Бәлкім, сондықтан да шығар, қаланың ескірмейтін ұраны: «Достым, қала көшінен қалма!»
Қазір солғын тартқан Нью-Йорктың байырғы тұрғындары көп уақыт бұрын жеңілудің, жоғалтудың дәмін татып үйренген-ді. Әсіресе біз, яғни Доджерстің жанкүйерлері, мұны жақсы білеміз. Иә, тіпті бейсбол тарихындағы ең мықты хиттерлердің өзі он мүмкіндіктің алтауында мүлт кеткен кездер де болды, сол себепті де бейсболдың бізге берер сабағы көп. Алайда олардың 1940 жылдардың аяғынан 50-жылдардың басына дейін Әлемдік кубокта янкилерден үздіксіз жеңілуі жанымызға қатты бататын еді. Біздің ол кездегі ұранымыз «Келесі жылы көрерміз, бәлем» болатын. Бұл жағдай 1955 жылға дейін жалғасты. Ақыры Бруклин сол жылы Кубокты алған кезде газеттердің бірі «Келесі жылымыз – осы болды» деген тақырыппен мақала жазды. Алайда екі жыл өткен соң кенеттен Калифорнияға көшіп кеткендіктен Доджерстің өзінен де айырылып қалдық.
Әрине, оның сыртында біз Эббет Филдтан да, Поло Граундтан да, тіпті ақырында Янкидің стадиондарынан да айрылдық. Сондай-ақ, 8-авенью мен 50-көшенің қиылысында орналасқан ескі Мэдисон Сквэр Гарденнен де, Гарденнен жоғары орналасқан Стиллманның жаттығу залынан да айырылдық. Онда мен атақты боксшы Шугар Рэй Робинсонның жаттыққанын алғаш рет көрген едім. Бұлар біздің спорт деп аталатын зайырлы дініміздің алып шіркеулері мен шатырсыз ғибадатханалары болатын. Олардан айырылу бізге ауыр тиді.
Сынаптай сырғыған уақыт ауыл-аймағымызды сан құбылтып өзгертіп жатты. 1950 жылдардың ортасында біздің өңірге героин деген бәле келді. Жай келмеді, өндірісте жұмыс істейтін иммигранттардың түн ұйқысын төрт бөле келді. Олар балалары үшін уайым жеді. 1980 жылдардағы кокаин эпидемиясы одан да сұрапыл болды. Әскерде қызмет еткендерге тегін білім алуға мүмкіндік беретін GI заңынан пайда көрген Нью-Йорктық жұмысшылардың алғашқы буыны ол жерлерден ерте көшіп кетті. Олар өздерінің Нью-Йоркқа деген сағыныш пен өкінішін жиып алып, елдің басқа жағына қоныс аударды. Жылдар өте келе мен олардың кейбірінен айырылысу азабының ауырлығын баяндап жазған хаттар алдым. Мен оларды түсінетін едім. Себебі менің өзімді де сол сезім жиі мазалайтын.
Журналист ретінде мақалаларға материал жинау үшін Нью-Йорк көшелерін көп аралайтынмын. Әлемнің түпкір-түпкіріне де көп сапарладым. Адамдары, әуені, тағамы мен әдебиеті жөнінен маған Мексика ұнайтын. Оған қоса мен Барселонада, Римде, Пуэрто-Рикода және Ирландияда тұрдым. Вьетнамдағы, Солтүстік Ирландиядағы, Никарагуадағы және Ливандағы соғыстардан репортаждар жасадым. Барлық жерді француздар айтпақшы, «flâneur», жаяу шарлап шықтым. Әр нәрсеге жай көз тастап қана қоймай, жақсылап көруге тырыстым. Осылайша жаяулатып жүріп, көлік жүргізуді 36 жасқа келгенде бір-ақ үйрендім.
Бірнеше жыл бұрын мен Нобель сыйлығының иегері, ирландтық жазушы Шеймес Хинидің маған ұқсайтын адамдардың табиғаты туралы айтқан сөздерін оқыған едім. Оның айтуынша, «егер сенің туған жерің санаңда берік орнықса және ол жермен тығыз қатынастарың бар болса, онда сен өзіңді әрқашан еркін сезінесің, себебі сен әлемді шарлай жүріп өзіңнің қай жерге тиесілі екеніңді және әрқашан қайтып келетін жеріңнің бар екенін білесің». Менің қайтып келетін жерім ол, әрине, Нью-Йорк.
Бірақ мен қуанышы мен өкініші қатар жүретін егде жасқа келген кезімде көзім көрген көп нәрсеге жүрегім жиі ауыра бастады. Себебі мен жақсы көретін Нью-Йорк қазір ауыр халде. Әрине, жақсы жақтары да жоқ емес: мектептер, тағамдар, нәсіларалық қатынастар, қоғамдық қауіпсіздік, тіпті, адамдардың мінез-құлықтары да жақсарған. Менің жас кезімдегімен салыстырғанда қала байып, тазара түскен. Бірақ ол төл сәулеттік бейнесінен алшақтап, құдды келекелеп, күліп тұрғандай. Манхэттендегі аса жіңішке және аса биік зәулім ғимараттар көк аспанды жауып, кезінде күнге еркелеп үйренген көшелерге менменсіген қалпы көлеңкелерін төгіп тұр. Ал көшелер болса паң лимузиндер, бипылдаған сары таксилер мен гүрілдеген ірі жүк көліктеріне кептеліп қалған.
Қарапайым көше жолаушылары тұрғысынан алсақ, жаңа ғимараттардың көбі сәулеттік әсемдіктің емес, инженерлік шеберліктің ғана мысалы бола алады. Тіпті Нью-Йорктың пайда болуына арқау болған порттар мен Ист Ривердің бойында орналасқан менің сүйікті Бруклинімде де қоқиған қорап пішіндес жаңа ғимараттар бой көтеріп келеді. Құрылыс салушылар тіпті ол жерде «Бруклиннің Эмпайр Стэйт Билдингін» салу жоспарлары бар екендігін де жариялап үлгерді. Бруклиннің жанға ләззат сыйлайтын шексіз аспаны ғайып болып бара жатыр, енді оларды тек сол ғимараттардың жоғарғы қабаттарынан ғана көруге болады.
Әрине, бұл бір жағынан қайта оралмас жастығын көксеген кәрі адамның қыршаңқылығы секілді көрінер. Дегенмен біз де бір кезде жас болғанбыз. Қазіргі үлкен қаланың таныс жерлерімен баяғыша аяңдай басып өткенімде көзден кетсе де, көңілден кетпеген көптеген адамдардың бейнесі елестейді. Жарқылдаған ақкөңіл достар… Ғашық жандар… Карнеги Делиде тамақтанып отырып қанша таңды қарсы алдым? Хор әншілеріндей гуілдеген достармен бірге қамсыз күлкіге бататынбыз. Содан соң 57-көшемен төмен түсіп, ондағы адамдар өмірінің драмасын тамашалайтын кездер-ай, шіркін. Қазір ол Миллиардерлер көшесі деп аталады. Ал ол кезде жай ғана көп ауданның бірі саналатын.
Анау жерде «Дрейк» атты қонақ үй бар еді. Онда мен бір гангстер жігітпен екі сағат бойы барда бірге отырып, күлкіден ішегім түйіліп қайтқам. Ал төменірек тұрған «Вентворт» қонақ үйінде Дэмон Раньянды білетін баспасөз агенті тұратын. Раньянды мұқият оқуыма сол түрткі болып еді. Осы кварталдың аяғында Мемлекеттік бокс комиссиясы болды, жазғы демалыс кезінде мен бокс репортеры ретінде салмақ өлшеу рәсімдерінен тұрақты репортаж жасайтын едім. Ал анау жерде…
Көзтаныс көне жердің орнын 90 қабаттық жаңа ғимараттар басып, Нью-Йорк аспанын аш қасқырдай «жеп жатыр». Бүкіл Манхэттен аралы жаңа ғимараттармен жарқырап, ашық күндерде олардың шыны қасбеттері жалт-жұлт етіп көзді арбайды.
Бұл тым биік ғимараттардың иелері шіріген бай адамдар. Әдетте Қытайдан, Мексикадан, Бразилиядан, Ресейден келген әлемдік элитаның мүшелері. Олар заңды қулықтарды пайдалана отырып ұлтын, келген жерлерін жасыруға тырысады. Миллиардерлер көшесінің ең жарқын нысаны ретінде биіктігі 426 метрлік, 88 қабаттан тұратын 432-Парк Авенью ғимаратын айтсақ болады. Ол айналасындағыларға биіктен қарап, аты жоқ саусағымен мазақтап тұрғандай.
Тіпті ескі классикалық ғимараттардың өзі қарқынды уақыт толқынына ілесіп, сәнді тұрғын үйлерге айналған. Солардың бірі – жарқыраған «Вулворт-билдинг». Кезінде Нью-Йорктың ең биік ғимараты саналған оның құрылысы 1913 жылы аяқталды. Қасындағы көршілерінен аласа болғанына қарамастан, оның маңғаз тұлғасы қаланың қақ ортасынан «менмұндалайды». Сіз көріп тұрған «Вулворт» қартайған сайын жасара түсуде.
Жас кезімде, 1950 жылдары теңіз флотындағы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мен Тринити шіркеуінен үш минуттық жерде орналасқан Бродвей, 120 ғимаратында жұмыс істеген едім. Ол 1890 жылға дейін Нью-Йорктің ең биік ғимараты саналған. Ауа-райы жақсы кездерде түске қарай қаланың жоғарғы бөлігіне, Сити Хол Парк саяжайына қарай бірнеше квартал жүріп, бос орындыққа немесе субұрқақтың ернеуіне отырып, «Вулворт-билдинг» ғимаратының жаңа готикалық нақышта безендірілген қасбетіне қарауды ұнатушы едім. Мен онда қабырғаларға жан бітіру үшін талмай жұмыс істеп жатқан еуропалық қолөнершілерді елестететінмін.
«Ұзынқұлақтан» естуімше, 57 қабаттық Вулворт ғимаратының ең үстінде орналасқан 834 шаршы метрлік пентхаусты сатып алу үшін $110 миллион доллар қажет көрінеді. Кезінде мұндай ақшаға Бруклиндегі менің бүкіл ауданымды сатып ала алатынсыз, оған қоса біраз ақшаңыз артылып та қалатын еді. Мен іштей Вулвортта тұруды армандаушы едім.
Болашақта осы супербиік зәулім ғимараттар таңғажайып нәрсеге айналатын шығар. Мүмкін, бірақ менің күмәнім бар. Олардың сырт келбеті өрнексіз тақыр. Жылжымайтын мүлік бизнесі әрдайым тап мәселесімен байланысты болып келді. Ал қазіргі сәулет өнері көп ақшаға ғана тәуелді сияқты. Естуімше, ондағылар көбінше сапарда жүріп, анда-санда ғана келіп тұрады екен. Олардың қандай да бір ата-аналар комитетінде, не үй қауымдастықтарында тұратындығына немесе олардың жергілікті дүкен иесін танитындығына күмәнім бар. Алайда менің қателесуім мүмкін. Олар кең жүректі, жүздерінен күлкі кетпейтін керемет адамдар болуы да мүмкін. Бірақ олар жоғарғы таптың артықшылықтарын керемет прозаға айналдыра білген Генри Джеймс, Эдит Уортон немесе Луис Ошинклосс секілді бола алмас. Себебі, біздерден оқшауланып вертикалды қамалдарда тұрады. Олар жалғыздықтан әбден мезі болған шығар.
Бұл орын алып жатқан өзгерістердің тағы бір қырын көрсетеді: біз топтаса өмір сүрудің маңыздылығын түсінуден қалып барамыз.
Бір жағынан алып қарасақ, Нью-Йорктың әрбір аймағы жеке аудан секілді. Барлығында таптық ортақтық, ал кейбірінде этникалық ерекшеліктер де бар. Әрқайсысының айрықша мінезі, өздерінің жеке көше өмірі бар. Кезінде ирландықтар көп жүрген Вашингтон Хайтста қазір доминикандықтар басым. Шығыс Гарлем менің жас кезімде пуерторикалықтарға тиесілі болған. Қазір ол жерде көбіне мексикалықтар тұрады. Бруклиннің Сансет Паркінде де ол кезде көбіне ирландықтар тұрса, қазір басымдық мексикалықтар мен қытайларда. Төменгі Ист Сайд көбіне еврейлік жұмыс табына тиесілі еді. Қазір Орчард Стриттің бойындағы дүңгіршектердің барлығында мұсылмандар миллениум жастарымен бірге жұмыс істеуде. Одан бөлек жаңа Нолита, Дамбо, Саут Слоуп сияқты жаңа атаулары бар басқа да аудандар пайда болды. Мен олардың қалаға әсері биік үйлерге қарағанда көбірек деп үміттенемін. Ондағы адамдардың өмірі де біз секілді қызыққа толы екендігіне сенемін.
Трибекадағы пәтерімнен екі көшедей жерде мені бір сәт кідіртіп, тамсана қарауға мәжбүрлейтін жаңа ғимарат бар. Оның мекенжайы Леонард Стрит, 56. Тек жоғарыдағы пентхаустары ғана айнамен қапталғандықтан күн сәулелері көзге шағылыспайды. 60 қабатқа дейін жететін балкондар ғимаратқа ойлы-қырлы әсем көрініс береді. Ашық күндері, көше жақтан ол балкондарда тамақтанып немесе терең ойға батып, кітап оқып отырған, күлген я болмаса демалып жатқан, тіпті ұрсысқан адамдарды көре аласыз. Жерден биікте болса да адамға тән құбылыс. Ол аспандағы көше өмірі іспетті.
Нью-йорктың ең керемет көрінісі талантты фотограф Джордж Стейнмец көрсеткендей, тек биіктен ғана алынады. Бұл – қаланың біз үшін құпия болып келген тұсы. Стейнмец суреттерді әлемнің шөлдерін, мұхиттарын, ормандарын және қалаларын көруде еркіндік беретін тікұшақтан немесе өзі құрастырған орындықты парапланнан түсіреді. Ол тек көз тастап қана қоймайды. Ол көреді! Міне, кенеттен біз оның көзімен Нью-Йорктың үстінен қарап отырмыз. Стейнмецтің суреттерін алғаш көргенде, мен көптен бері басымнан өткізбеген ғажап сезімге бөленген едім.
Стейнмецтің суреттеріндегі ғажап көріністен әсер алған мен бір күні түстен кейін 2001 жылы 11 қыркүйекте құлаған ғимараттың орнына салынған Бірінші әлемдік сауда орталығына бардым.
Сол күні таңертең мен жақын жерде болатынмын. Солтүстік мұнараға шабуыл жасалғаннан кейін оттан қашып, биіктен секіріп жатқан адамдарды көрдім. Оңтүстік ғимараттың құлағанын, полицияны, өрт сөндірушілерді, фотографтарды және жанып жатқан ғимараттарға беттеген журналистерді көрдім. Қаншама қайғы шексе де, батылдық танытқан бұл орамға мен бірнеше апта бойы тілші ретінде келіп тұрдым.
Қазір оның орнына жаңа зәулім ғимарат ашылғандықтан, барып көруді өзіме міндет санадым. 1776 фут (541 метр) тұратын бұл құрылыс – қазіргі кездегі қаланың, тіпті, бүкіл елдің ең биік ғимараты. 102-қабатқа дейін лифтпен көтерілуге 48 секунд кетеді. Бір қызығы, онда ешқандай қозғалыс немесе әдеттегі лифтідегідей төменге қарай тартылыс сезімі жоқ. Лифттің ішіне Нью-Йорктың даму тарихын көрсетіп тұратын панорамалық экрандар орнатылған. Оның төрт секундында ғана егіз мұнараны көруге болады.
Мен жан-жағы қоршалған бақылау алаңына кірдім. Терезелерден айнала тегіс көрінеді. Солтүстікке қарай – Гудзон өзені. Шығыста менің туған мекенім Бруклин, Куинс пен Лонг Айлендтың бір бөлігі жатыр. Оңтүстікте Веррозано Нарроуз көпірі мен шексіз Атлант мұхиты бар. Батыста Нью Джерси мен біздің ең сүйікті француз иммигрант әйеліміз – Азаттық мүсінінің шағын бейнесі көрінеді. Мен терезеге жақын келіп, төмен қарадым. Ол жерден менің ең жақсы көретін ғимаратым – Вулворт-билдинг көрінді. Қаз-қалпында. Күнге шағылысып тотыдай түрленеді. Көз алдым бұлдырап кетті.
Көрініс өте әсерлі болғанымен, мен ғажап сезімге бөлене алмадым. Оның орнына мен әкем мен оның балалық досы Эддидің метро баспалдақтарымен көтеріліп, Кортланд көшелерінде кетіп бара жатқандығын елестеттім. Дүңгіршектер, дүкендер мен шатыр астынан жылтырап көрініп тұрған электр және вакуумдық шамдар, ескі радиолар да көзіме елестеп кетті.
Бұл көшенің 1966 жылғы тағдыры да есімде. Радио Роу көшесі алғашқы Әлемдік сауда орталықтарын салу үшін сүріліп тасталған болатын. Бұл істері үшін көптеген адамдар секілді менің әкем де жобалаушыларды кешіре алмай кетті. Алайда мен басқа нью-йорктықтар сияқты егіз мұнараға тез бауыр бастым. Жақсы көріп кетпесем де жақын тарта бастадым. Басқалар секілді оларды мен де сағынамын.
Сәлден соң менің қайта көшеге шыққым келді. Адамдардың жүзінен қуаныш, көзінен күлкіні көргім келді.
Жерге түстім. Бір жас жігіт қаланың жоғарғы бөлігіне қалай баруға болатынын сұрады. Мен оған метроға қарай жол сілтедім.
Ол күліп: «Жоқ, менің жол көргім келеді», – деді.
Мен оған: «Бірінші Черч стритке түсіп солтүстікке қарай жүр, одан Вэйверли Плейтстен солға бұрыл, ол сені Вашингтон алаңына алып барады, – деп жөн сілтедім де, – жақсы қыдырыс болсын! – деп тілек білдірдім. Есіме өзімнің жастық шағым түсіп кетті.
Е. Жұмабайұлы