Жалмауыз кемпірдің құдығы

Жалмауыз кемпірдің құдығы

Бүгінгі әңгімемізге арқау болғалы отырған "Жалмауыз кемпірдің құдығы" аталатын мына бір таңғажайып құрылыс Тухала деген эстондық шағын ауылда орналасқан.

Құдықтың жәй күндері қарапайым құдықтардан ешқандай айырмашылығы болмайды. Бірақ, қатты нөсерлерден кейін өзінен жоғарғы қарқынмен су атқылатып, айналасын жайпап алатын қасиеті әлем халықтарын дір еткізді.

Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты жалмауыз кемпірлермен байланыстырады. Жерасты сауналарында буға қыздырынып жататын кемпірлер нөсер басылысымен қайыңды сыпырғыларын сілкіп-сілкіп, жер бетіне су шашады деген әңгімелерге сенетіндер де жоқ емес.

Әрине, мұндай ертегілермен ешкімді де алдай алмайсыз. Ақиқатында, құбылыстың орын алуына дәл осы жермен ағып өтетін жерасты өзені себепкер болып отыр. Жаңбыр суы өзенге қосылысымен сұмдық қысым пайда болады да, әйтеуір бір шығар жер табуға тырысады.

Бұл үшін ең ыңғайлы жер - тереңдігі 2,5 метрге жететін дәл осы құдық. Құдықтан атқылаған су бірнеше күнге дейін жалғасуы мүмкін. Секундына шыққан судың мөлшері - 100 литр. Осыдан кейін жойқын су тасқыны болмайды дегенді айтып көріңіз!

Бір қызығы, су құдықтан кез келген нөсерден кейін атқыламайды. Мұндай құбылыс соңғы рет 2010 жылдың сәуір айында орын алған болатын.

Таңғажайып үдеріс басталысымен, Эстонияның бүкіл туристері құдық басына жиналып, су тоқтағанша жалықпастан тамашалайды екен.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева