Испания елінің ең көрікті әрі ең көне жерлерінің бірі – Вила Велла қамалы. Қамал Тосса де Мар қаласында орналасқан. Оның тарихы 1186 жылдан басталады. Ол кезде қалада шіркеу маңы биік-биік қабырғалармен қоршалатын.
Қалаға теңіз қарақшылары шабуыл жасаған кезде Вила Велла қамалы жергілікті тұрғындар үшін ең қауіпсіз жер болып саналды. Осындай қақтығыстардың бірінде қамал соққыға төтеп бере алмай, қатты қираған.
Қамал өз кезегінде бірнеше қайта құру үрдісін бастан кешті. Оның ең ірісі XIX ғасырда болды. Қамалдың бекініс қабырғалары қандайда бір сырт күштің әсерінен опырыла бастаған. Бірақ кейіннен шеберлер бойда бар барлық білімін пайдаланып, бекіністі қайтадан қалпына келтіріп қана қоймай, оны ары қарай дамытқан.
Қазіргі таңда қамал мұнарасының бірінде көркемөнер мұражайы орныққан. Мұнда аты әлемге әйгілі суретшілердің түрлі бағытта салған картиналары сақталады. Қамалға жақын жерде шағын мейрамхана да бар.