Испания астанасы Мадрид қаласының маңынан Еуропадағы ең үлкен ойын-сауық кешегі салынатын болды. Жобаның иесі Las Vegas Sands корпорациясының қожайыны, америкалық миллиардер Шелдон Адельсон. EuroVegas деп аталатын кешендегі казинолар мен ойын-сауық орталықтарының жалпы құны 9,8 миллиард еуроны құрайды. Құрылыс аяқталысымен, онда мыңнан аса жұмыс орны пайда болмақ.
Las Vegas Sands жобасы бойынша, нысанның алғашқы жұмыстары 2017 жылы аяқталмақ. Ол жерде 3 мың нөмірлі отель және ойын орталықтары орын тебеді. EuroVegas жобасы толық аяқталысымен, онда 12 отель, конференц-орталық, бірнеше казино, гольф үшін алаңдар, театрлар және сауда орталықтары есіктерін ашады. Кешеннің орталығы болып биіктігі 250 метрлік екі мұнара саналады. Сондай-ақ онда Нью-Йорктегі Таймс-сквердің көшірмесі орналаспақ екен. Кешен толығымен 2031 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: zhelezyaka.com