Ирландияда туристер арасындағы танымал мекендерде «селфи үшін арнайы орындар» пайда болады. Мұндай шешімге келуге суретке түсетіндер арасында өлімнің көбейіп кеткендігі себеп болған.
Әлеуметтік желілердің танымалдығы жыл сайын артып келеді және әдемі фотосурет үшін өз өмірін қатерге қоятын адамдардың саны да өсіп келеді. Мысалы, 2014 жылдан 2016 жылға дейін әртүрлі елдерде селфиге түсу салдарынан 127 адам қаза тапқан.
Ирландиялық саясаткер Джим Дейли бүкіл мемлекет аумағында селфиге түсу үшін арнайы орындарды белгілеуді ұсынды. Мұндай шара адреналинді жақсы көретін туристерді жарақаттан, апаттан, өлімнен сақтау үшін қолданылады. Сонымен бірге, бұл елдің қатты танымал емес жерлерін танытуда, туристерді көбірек тарту үшінде ерекше маркетингтік тәсіл болады.
«Адамдар біздің еліміздегі суреттерін Instagram-ға жүктеп, оның астына арнайы хэштекті жазып қойса, бұл еліміз үшін тегін жарнама болады», – дейді ирландиялық саясаткер.
Селфиге арналған орындар әр түрлі құрылғылар, соның ішінде орындықтармен жабдықталады. Ал өте қауіпті орындарға арнайы қауіпсіздік белдіктері орнатылады. Суретке түскісі келетіндер өмірлері үшін қам жемей суретке түсе беретін болады.
Қауіпсіз селфиге арналған алғашқы инфрақұрылым Кинсейл қаласының маңындағы ескі маякта, Балтимор маягында, Мохер шатқалында және Лон-Хейн табиғи қорығында пайда болады.