- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Иерусалимдегі "Мұз қаласы"...
Иерусалимдегі "Мұз қаласы"
Табиғаттың бір ғажайыбы саналатын мұзды ұлы өнерге айналдырып, мұзға жан-жүрегін үзіп салып, одан қараса көз тоймайтын ғажап дүниелер жасайтындар жоқ емес.
Лапландиядағы мұз сарайы, Швециядағы мұз қонақүй, Дубайдағы мұз мейрамхана сияқты талайды таңдай қақтырған жобалар сөзімізге дәлел. Бүгін мұздан өнер тудырған тағы бір ел – Иерусалим туралы айтамыз.
Израиль астанасы Иерусалимге қыста қар түскенімен, көбіне бір күн жатып, еріп кетеді. Сондықтан да шығар, қала "Мұз қаласы" көрмесін жасауды қолға алған.
Көрме ауа райына байланысты -10 градусты тұрақты түрде ұстап тұратын арнайы ғимаратта өткізілген. Мұз ескерткіштерінің ішінде Тәж-Махал, Ұлы Қытай қорғаны, үнді пілі, қытай айдаһары сияқты тарихи маңызы бар ескерткіштер де болған.
Бұл ғажайып дүниелерді мұз ою өнерінде тәжірибесі мол Қытай елінен келген сәулетшілер құрастырған. Мұз қаласының көлемі шамамен 4 футбол алаңының көлеміндей.
Жабық ғимаратта -10 градусты сақтап тұру үшін әдеттегіден 3 есе көп қуат күші керек болған.
Иерусалим қаласының басшысы Нир Баркат мұндай көрме Израильде бұрын-соңды болмағанын айтқан екен. Қала басшысы сондай-ақ көрме ешқашан мұз қаласын көрмеген тұрғындарға тосын сый болатынын да айтып өткен.
Көрмеге кірген көрерменге арнайы күртеше берілген. Балалар мен үлкендерге мұздан сырғанақ сияқты аттракциондар қойылған.
Әр көрермен мұз қаласына саяхаттауды мұздан жасалған ұшаққа отырудан бастайды.
Одан кейін мұз ескерткіштерді тамашалап, саяхатының соңында сапалы, тәтті тағамдар қойылған барға бас сұғады.
"Мұз қаласында" тамсандырарлық шоу да көрсетіледі.
Иерусалимде көрме былтыр, 2013 жылы екінші рет өткен болатын. Сол жылы көрменің деңгейіне қарап, шара әр жыл сайын өткізіледі деген болжам да болған еді.
Мыңдаған туристің сүйікті мекеніне айналған Иерусалимдегі "Мұз қаласы" шығармашылықтың шыңы болып қала бермек.
Тарихты парақтасақ, мұз көрмесін өткізу Қытайдың ең суық қаласы – Харбинде 1963 жылы басталды. Харбинде ауа райы қыста -30 градусқа дейін жетеді. Осы бір мұз ескерткіштері бара-бара өнерге айналып, күллі әлемге тараған. Харбин тіпті университетте "мұз оюшы" мамандығын оқыту мәселесін де қарастырып жатыр.
Қазақстан да қалыс қалмай, былтырғы жылы Сегіз Көл Park Resort клубы аймағында тұңғыш қазақстандық мұз және қар мүсіндерінің фестивалін өткізген болатын. Ал еліміздің бірнеше қаласында, соның ішінде Астанада 2006 жылдан бері мұз қалашығы дәстүрлі түрде салынып келеді.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: epochtimes.ru, liveinternet.ru, botinok.co.il
Р. Роза