Соңғы кездері жастардың сүйікті сән үйіне айналған Mango компаниясы ерекше саяхаттар туралы деректі фильмдер түсіріп келеді. Ерекше болу себебі: фильм сюжеттері шындық пен қиялдың шекарасында орын алады. Былтыр түсірілген ғажайып саяхаттардың негізгі кейіпкерлері Джулия Рестуан-Ройтфельд, Альма Ходоровски мен Камилль Роу сынды бикештер болған еді. Ендігі кезек Лэнгли Фокс Хемингуэйге келіпті. Иә, қате оқымадыңыз. Бұл дәл сол жазушы Эрнест Хемингуэйдің шөбересі. Жазушының Мэриел Хемингуэй есімді немересінің қызы. Мэриел белгілі режиссер Вуди Алленнің «Манхэттен» аталатын фильміндегі рөлі үшін Оскар сыйлығына ұсынылған. Атасы мен анасының бойына біткен дарыннан Лэнгли де ада болмаса керек.
Сіздің назарыңызға ұсынылғалы отырған фильм желісі бойынша Ленгли Хемингуэй бикеш америкалық джаз мекені Жаңа Орлеанда өткелі жатқан Марди Гра карнавалына аттанады.
Ең алдымен, бұл бейнебаян сән үйінің жобасы болғандықтан, Ленглидің саяхат кезінде киюге даярлаған мінсіз гардеробы бірден жадыңызда сақталады. Богемалық жейделер, сәнді джинс шалбар, сабан қалпақ және джаз әуеніне еліте түні бойы билеуге ыңғайлы аяқ киім.
Кешкі кездесуге арналған қызыл көйлегі тіптен жарасып-ақ кетеді. 80-ші жылдарда сәнге айналған жуан белдік саяхатшы арудың көркін арттырып тұр.
Қанша жарнамалық қысқаметражды фильм болғанымен, мұндағы негізгі дүние киім көрсету емес. Фильм негізі - шабыт іздеген бикештің сапарда жолыққандармен айтқан пәлсапаға толы әңгімесі. Жоғарыда атап өткендей Ленглидің саяхаты шындық пен қиялдың жиегінде өтеді. Мысалы, оған жолыққан кейіпкерлердің бірі бақилық болған ұлы музыкант Дэвид Боуидің альтер эгосы Зигги Стардаст болды.