Хан шатыр мен Бәйтеректің "туыстары"

Қазіргі таңда әлем қызығушылығын оятып, еліміздің танылуына бірден-бір себепкер болып отырған Астана қаласындағы "Хан шатыр" ойын-сауық орталығы, "Астана-Бәйтерек" монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы туралы арнайы репортаждарымызды ұсынған болатынбыз. Бүгін сіздерді осы ғимараттардың бас сәулетшісі саналатын Норман Фостердің басқа да ең үздік деген туындыларымен таныстырмақпыз.

Норман Фостер – әйгілі британдық сәулетші. Оның есімі Америка, Біріккен Араб Әмірлігі, Италия, Ресей жеріне кең танылған. Сәулетшінің еңбегін әлем мойындап бірнеше атақ та берген, тіпті, Ресейдегі Суретшілер Академиясының құрметті мүшесі екен. Төмендегі ғимараттар Норман Фостердің қиялының ұшқырлығы мен талантын дәлелдей алады деп сенеміз.

Мэри-Экс


Лондондағы 40 қабатты зеңгір үй торлы қабықша бейнесінде тұрғызылған. Жергілікті тұрғындар оның жасыл әйнегі мен сыртқы пішініне қарап "қияр" немесе "корнишон" деп атайды екен. Ғимарат 2001-2004 жылдар аралығында тұрғызылды. Норман Фостердің арқасында 180 метрлік "қияр" басқалардан екі есе аз электр энергиясын жұмсайды.

Hermitage Plaza 


Екі бірдей құрылыстан тұратын ғимарат Париждің орталығынан орын тепкен. Франциядағы ең биік үйлердің көшін бастап тұр. 86 метр болатын алғашқы мұнарада 5 қонақ үй, СПА орталық, фитнес-орталық, мейрамхана бар. Екінші мұнара 85 метрге жетеді, онда кеңселер, конференцияға арналған залдар орналасқан.

Виадук Мийо


Ванта жүйесіндегі көпір құрылысы оңтүстік Францияның Мийо қаласына жақын жердегі Тарн өзенін кесіп өтеді. Бір сөзбен айтқанда, Париж бен Безье қаласын жалғастырып жатыр. Көпір соғылған жылы әлемдегі ең биік транспорттық көпір атағын алған. Ұзындығы – 341 метр. Яғни, Эйфель мұнарасынан аз ғана биік, Нью-Йорктағы Эмпайр-стейт-билдингтен 40 метр ғана аласа. 

Vieux Port


Бұл павильон (сауда жасау үшін тұрғызылған жеңіл-желпі ғимарат) Марсельде тұрғызылған. Ғимарат ұзын келетін 6 бағанадан тұрады. Адамдар осы құрылыстың арқасында теңіз пейзажын тамашалап, түрлі қызықты көріністердің бір бөлігіне айналады.

Сити-холл


Лондондағы таңғажайып ғимарат Үлкен Лондон әкімшілігінің резиденциясы саналады. Жоба Норман Фостердің басшылығымен 1998 жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстары 5 жылға созылған, жалпы кеткен қаржы көлемі – 65 млн. фунт. Онда он қабат бар, ұзындығы 45 метрге жетеді. Бір қарағанда кесілген жұмыртқаны еске салады.

Рейхстаг


Берлиндегі тарихи ғимараттың жобасы бастапқыда басқаша болатын, нақтырақ айтсақ, ғимарат үстінде бір тегіс шатыр бар еді. 1999 жылы Норман Фостер әлемді таңғалдырды. Ол әйнектен орасан зор күмбез жасап шықты. Оның диаметрі 40 метрге, ұзындығы 23,5 метрге жетеді.

Йель мектебі


Норман Фостердің үздік жұмыстарының бірі АҚШ-тың Ньб-Хейвен қаласында орналасқан. Сәулетшінің басты мақсаты білім беретін мекемені қарым-қатынас жасау, өзара ықпал ету, бірлесе жұмыс жасайтын орталыққа айналдыру. Бастысы – студент пен мұғалім байланысына ыңғайлылық жасау. Мұнда семинар жұмыстарын, университет мерекелерін де өткізуге болады. Әйнекті қақпалар ыстық немесе салқын күндері жабылып, ашылып тұрады.

Миллениум


Бұл Лондондағы Темза өзенін кесіп өтетін көпір. Қазақ тіліне аударғанда "Мыңжылдықтың көпірі" деген мағынаны білдіреді. Себебі, құрылыс үшінші мыңжылдық табалдырықтан аттағанда басталған. Құрылымы да әдеттегідей емес, көледеңнен ілініп тұрған көпірге ұқсайды. Лондонға келген туристердің асыға іздеп баратын орнына айналды.

Dolder Grand Hotel


Еуропаның ең әдемі қонақ үйлерінің бірін Цюрих қаласынан көре аласыз. Бас ғимараттың шетіне заманауи екі "қанат" салынған. Олар орталық құрылысты қоршап тұрғандай көрінеді. "Қанаттарда" бірнеше террасса, демалыс алаңы мен салтанатты бөлмелер бар екен.

Хан шатыр


Қазақстанның астанасында орналасқан ауқымды ойын-сауық орталығы. Оның ашылуы 2010 жылдың 6 шілдесінде өтті. Бүгінде "әлемдегі ең үлкен шатыр" деген атаққа ие болып отыр. Хан шатыр Forbes Style журналының нұсқасы бойынша әлемді ең үздік экоғимараттардың ондығына енді. Бұл ТМД елдері арасында алғаш болып енген құрылыс саналады.

Астана-Бәйтерек



Қазақстанның бас қаласындағы монумент ең негізгі көрікті орынға, қаланың нышанына айналған. Оның биіктігі 97 метрге, ал дөңгелегінің диаметрі 22 метрге жетеді. Сондай-ақ, дәмхана, аквариум, шағын галерея орналасқан астыңғы қабаты жерден 4 метр төмен орналасқан. Сол жерден лифт арқылы ең жоғарғы сатысы – күмбезге көтеріле аласыз. Онда бар мен панорамалық зал бар. Түнде монумент әр түрлі түске енеді.

Бейбітшілік және келісім сарайы



Сарай Қазақстан жеріндегі достастық, бірлік пен бейбітшілік нышаны болып табылады. Тәуелсіз мемлекеттің бейбітшілік пен келісімге ұмтылысын бейнелейтін Пирамида түріндегі құрылыс салу идеясы Елбасы Н.Назарбаевқа тиесілі. Сарайда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі, Дүниежүзiлiк туристiк ұйымның Бас ассамблеясы сынды халықаралық ауқымдағы іс-шаралар өткізіледі. Ұзындығы – 62 метр. Мұнда "Опера", "Патшалық", "Бесік" залдары, баспасөз орталығы, көрме павильондары бар.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: ria.ru, enbek.gov.kz