Ғайып болған саяхатшылар

Ғайып болған саяхатшылар
Фото: tate.org.uk, Ruspekh.ru

Өз істеріне шын берілген саяхатшылардың ісі қашан да қарбаласқа, үмітке толы. Олар өздерін бір елдің ғана емес, әлемнің адамымыз деп айтады. Бірақ кейбір саяхатшыларды сол әлемнің кеңдігі жұтып кетті. Назарыңызға ғайып болған саяхатшылардың соңғы саяхаттарын ұсынамыз.

Генри Гудзон 

Генри Гудзон – сауда компанияларының қолқалауымен Атлант мұхитынан Тынық мұхитына шығатын төте жолды табу үшін бірнеше экспедиция жасаған ағылшын капитаны. Ол үлкен мұхитқа шығатын жолды таппай кетті, бірақ қазіргі Канада аумағына біршама жаңалық ашты. Қазір Гудзон атында шығанақ, бұғаз және өзен бар. Ақыры, Гудзон шығанағы Генридің түбіне жетті. 

1611 жылы “Дискавери” кемесімен сапарға аттанған теңізшілер ызғарлы қыстың қаһарына ұшырайды. Кері қайтудың орнына Генри Гудзон жаңа аралдарды зерттеуге кіріседі. Ол өз ұлымен, штурман көмекшісімен және алты теңізшімен бөлек қайыққа отырып, Тынық мұхитына шығатын жолды табамын деген үмітін үзбейді. Ал әрі қарай не болғаны белгісіз. Тек 1631 жылы Томас Джеймс атты теңізші Гудзон шығанағына жақын маңнан еуропалық үлгіде жасалған лашықты тапқан. Болжам бойынша бұл лашықты Гудзон теңізшілермен бірге уақытша паналаған. 

Руаль Амундсен 

Норвег саяхатшысы Руаль Амундсен – алғашқылардың бірі болып Солтүстік-Батыс өткелін, Оңтүстік полюсті және Солтүстік полюсті әуеде бағындырған саяхатшы. 

1928 жылы Амундсеннің зерттеуші-бәсекелесі Умберто Нобиленің “Италия” дирижаблі Арктикаға барар жолда апатқа ұшырайды. Экипаждың бір бөлігі мерт болып, бір бөлігі Шпицбергенге дейін жаяу барып жан сақтап қалған. Елсіз аймақта Нобиле тірі қалғандармен бірге көмек күтуге мәжбүр болады. 

18 маусымда Амундсен бірнеше көмекшісімен бірге “Латам-47” гидропланымен Нобилені іздеуге шығады. Бұл кезде өзге де іздеу жұмыстары қызу жүріп жатқан еді. Бес күннен кейін Нобилені норвегиялық ВВС ұшағы құтқарады. Қалған экипажды кеңесік “Красин” мұзжарғышы алып қайтады. 

Ал Амундсен болса, өзгені құтқарамын деп өзі жоғалып кетеді. Кейін Баренц теңізінен құтқарушы қалтқы мен ұшақ багы табылады. Бұл заттар саяхатшының мерт болғанын айғақтай түсті. Болжам бойынша “Латам” шамадан тыс тиелген болуы керек. 

Амелия Эрхарт 

1932 жылы Эрхарт Атлант мұхитын жалғыз ұшып өткен екінші ұшқыш және тұңғыш әйел атанды. Дәл осылай Амелия әлемдік атаққа ие болды. Ол тәжірибесімен бөлісті, жаңа техниканы сынауға арнайы шақыртылып жүрді, жылдамдық рекордтарын орнатудан жалықпады. Бірақ оның жасы да келіп қалған еді. Амелия тыныштық пен демалысты қалады. Бірақ зейнетке кетпес бұрын ол тағы бір рекорд орнатып кетуге бел буады. 

1937 жылы Эрхарт Жер шарын айнала саяхат жасамақшы болады. Мамыр және маусым айларында Амелия Эрхарт пен штурман Фред Нунанның қос моторлы “Локхид-Электра” ұшағы Атлантика, Африка, Арабия, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азияны ұшып өтіп, саяхаттың 80%-ын тәмамдайды. Ұшақ Тынық Мұхитының ортасына жеткенде 2 шілде күні ғайып болды. Оның соңғы радиограммасы былай сақталған еді: “Біз 157-337 жолағындамыз... Қайталаймын... Қайталаймын... Біз жолақпен келе жатырмыз”. 

Американың даңқты ұшқышын 66 ұшақ іздеді. Іздеу жұмысы жарты миллион шаршы метрді қамтыды. Бірақ ұшқыштар табылмады. Олардың ұшағы құрлыққа жетпей суға батып кетті деп ойлады бәрі. Бірақ ел ішінде Эрхарт пен оның штурманын жапон қарулы күштері тұтқынға алды деген қауесет тарап кетті. Жергілікті тұрғындар Сайпанда америкалық жұпты көргендерін айтқан.

Massaget.kz