- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Гауһар Абишева: "Қазақ"...
Гауһар Абишева: "Қазақ" десе түріктердің есіне бешбармақ түседі
Бүгін назарларыңызға Түркиның Кемер қаласына саяхаттап келген алматылық ару Гауһар Абишевамен болған шағын сұхбатты ұсынамыз.
Кемер — Анталияның оңтүстік-батысына қарай 42 км қашықтықта, Тавр таулары етегінде орналасқан курортты қала. 2010 жылғы санақ бойынша, ондағы халық саны 20,1 мың адам.
Осы орайда, Гауһардан Түркия еліне сапарынан алған әсері туралы сұраған болатынбыз.
- Гауһар, Түркия еліне барып демалып келдің, алдымен түрік халқы туралы айтып өтсең?
- Түрік елі өте кішіпейіл. Ал туристік бизнес қатты дамыған. Мысалы жергілікті қызметкерлер бірінші күнне бастап қай жақтан келгеніңді біліп алып, екінші күні жерлес деп айғайлап алыстан сәлемдеседі. Шөлдеп кеткен жағдайда сусындарын ұсынып жатады. Көңіліңнен шығу үшін бәрін жасайды. Біздің туристік топтың гиді күнде келіп жағдайымызды сұрап, не керектігін, не қызықтыратындығын біліп жүрді.
Халқы түрік сериалдарындағыдай дүкеннің сыртында, көшеде отырып алып тамақ іше береді. Және біреу жұмыс істеп жүрсе, танысын-танымасын "құдай көмектессін" немесе "қолыңызға қуат берсін" деп айтып жүреді. Тағы айтып кететін жағдай Түркия елінің өз тіліне деген құрметі өте үлкен, сол жағы қатты ұнады. Туристермен жұмыс істейтін түріктердің барлығы орыс тілінде сөйлейді. Бірақ бір-бірімен және шет елден келіп жұмыс істейтін орыстар мен украиндықтар түріктермен түрікше сөйлеседі
Тағы бір бір байқағаным мынау. Жұмыс істеп жүрген түрік қызын көшеде көрмедім. Тек туристер, тек ер адамдар ғана жұмыс істейді екен ол жақта. Ал номерді жинап, базарда тауар сатып тұрған қыздар шет елден келгендер.
- Кемерді туристерді қызықтыратындай қандай шаралар қолданылған?
- Ол жағын табиғат реттеп қойған сияқты. Бір барған отель Белдибиде орналасқан, яғни, солтүстікте. Тау, теңіз… Барлығы өте әдемі. Туристер бұл жердің ауасы үшін келетін сияқты. Машина өте аз. Мүмкін бензиннің литрі 3 доллардан болғасын шығар. Турагенттіктердің машиналарынан басқа машина жоқ десе де болады. Көшелер өте бос. Айта кететін нәрсе көшелер асфальттан емес плиткалардан салынған.
- Қазақстанда дәл сондай әлемге танымал туристік зона жасау мүмкін нәрсе деп ойлайсыз ба?
- Бізде де табиғат өте керемет қой. Әдемі жерлер көп. Бірақ бізге дәл қазіргі ситуацияда ондай ағынмен туристер келуі мүмкін емес. Өйткені, Қазақстанның кедендік тексеруі процесі өте қиын, ауыр өтеді. Кезекке 1-2 сағаттай тұрғызып қояды. Екіншіден бізде ештеңе өндірілмейді. Жұрттың бір бөлігінің Түркияға бару себебі демалу емес, тауар алу. Мысалы киім, ақ киім немесе әшекей бұйымдары.
- Түрік бауырлардың қазақстандықтарға деген қарым қатынасы туралы айтып өтсеңіз.
- Өте жақсы. Көбісінің Қазақстанда туыстары бар екен. Кеізнде Қазақстанға көшіп кеткендер. Ол жақта өмір сүру өте қымбат қой, сол себепті шығар. Айтпақшы, “Қазақстан десе бешбармақты аңсаймыз” деп күлген бір кісі.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©Еркебұлан Қайрахан, Гауһар Абишеваның жеке мұрағаты
Massaget