Ғалымдар гепардтың жылдамдығын өлшеді

Гепард – ежелгі қауіпті жыртқыш. Олар көбіне қарақұйрық пен бөкен бұзауларына, сонымен қатар қояндарға шабуыл жасайды.

Бұл аң көбіне таң ертесімен және кешқұрым кездерде аулауға шығады екен. Жемтігін көріп емес, иісімен табатын гепардтың ең керемет қасиеті – жылдамдығы.

Мысық тектес басқа жыртқыштарға қарағанда гепард жемтігіне шабуылды ашық түрде жасайды. Тығылып, аңдып барып атылатын аңдардан бір айырмашылығы да сол. Себебі оның сенері тек – жылдамдығы. Жемтігіне 10 метрдей аралық қалған сәтте ол қысқа ғана қашықтықтың ішінде аулап алуға тырысады. Дәл осы процессте гепард сағатына 110-115 шақырым жылдамдықты көрсетеді екен. Ғалымдар жыртқыштың сағатына 70 шақырым жылдамдықты 2-ақ секундтың ішінде бағындыратынын анықтаған.

Гепард дәл қарақұйрықтардай секіру арқылы жылдамдық арттырады. Оның секіру интервалы 6-8 метр болады. Қуу барысында сирақтары жерге тимейді екен де, ал басын бір қалыпта ұстайды. Гепардтың тағы бір қасиеті – оның өте үлкен жылдамдықта бағыт өзгерте алуы болып отыр. Бұл мүмкіндікке ол аса күшті тырнақтары мен майысқақ омыртқасының арқасында ие. Ал ең пайдалы дене мүшесі – жуан құйрығы саналады.

Жемтігін қуып жеткен соң гепард оны алдыңғы сирағымен ұрып құлатады да, мойынға жабысып, тұншықтырып өлтіреді. Жыртқыш алатын үлкен жылдамдық оның соққы күшін арттырып, өзінен үлкен аңдарды құлатуға мүмкіндік жасайды.

Ең әлсіз тұсына келер болсақ, гепард мұндай жылдамдықты көп уақыт ұстап тұра алмайды. Оның ең көп дегенде жүгіру уақыты 20 секунд. Одан ары аса алмайды. Егер осы уақытта жемтік ұстатпаса жыртқыш шабуылды лезде доғарады. Себебі оның өкпесіне жиналған шамадан тыс қысым миға бірден әсер етіп, жүрек талмасына ұшырауы әбден мүмкін.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/S-zcA_mOa94","width":"450","height":"250"});

Жыртқыштар қатарында тек жылдамдығымен ғана көш бастаған жыртқыш аңдардың ішінде ең әлсізі болып саналады. Оның жемтігін тіпті қорқау қасқырлар мен шибөрілер де тартып алуы мүмкін. Бірақ та, аң атаулыларының ішіндегі ең жылдамы осы гепард болып қала бермек.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: uralpress.ru