- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Ғаламтордан билет алар...
Ғаламтордан билет алар кезде
Жазғы демалысты үйден жырақта өткізгісі келетін жандар қазірден бастап билет алып, дайындалып жүреді. Ғаламтор үстемдік құрған заманда билетті де онлайн жүйесімен сатып алу дәстүрге айналып келеді. Бұл жағдайда нені ескеру керек?
Инкогнито режимімен іздеңіз
Есте сақтайтын басты жайт: егер ғаламтор арқылы демалатын орынның құнын жазып іздейтін болсаңыз, инкогнито режимімен іздеңіз. Ғаламтордағы сату және тағайындау (брондау) жүйесі бір апта бойы демалыс орнын іздеп жүргеніңізді байқаса, қалай да сатып алатыныңызды біледі. Сондықтан бағасы қымбат демалыс орындарын ұсына береді. Жасырын отырып іздеп, нақты шешім қабылдап, сатып алатын кезде ғана қарапайым браузермен іздеуге болады.
Ұшақтан-ұшаққа
Көпшілігіміз рейстерді іздеген сәтте ұшақтан-ұшаққа ауысқымыз келмейді. Себебі адамдардың бірінші ұшақтан түсіп, екінші ұшақты күтіп, уақыттан ұтылғысы жоқ. Кей жағдайда ұшақтан ұшаққа отыратын рейстер тікелей рейстерге қарағанда арзанға шығады екен. Мұндай жағдайларды да жіберіп алмау керек.
Барып-келу
Барып-келу билетін бірден алған тиімді. Екі билетті қатар алса, арзанға түседі, бұл – бір. Екіншіден, қайтар жолдың билетіне сенімді жүресіз. Мүмкін сіз барған жерде билет кассасында билет бітіп қалар. Бәрі де мүмкін.
Есіңізде болсын!
Сапарға шықпас бұрын сол жердегі қызмет көрсету телефондарын жазып алыңыз. Қоғамдық көлік, такси жол ақылары қымбат емес пе деген сұрақтың жауабын біліп барыңыз. Оған қоса, жаныңыздан навигаторды тастамаңыз. 10 қадам жерге қаланы айналып барып жүрмес үшін навигатор керек-ақ.