Саяхатшылардың сүйікті орны – Парижде қонақ үй бизнесі өкілдерінің мәлімдеуінше, қазір қалада демалушылар қарасы қалың, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мейманханалардағы нөмірлерді брондау саны пандемияға дейінгі көрсеткіштерге таяп қалған. Билік 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарынан үлкен үміт күтеді. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, 2 жылдан кейін Париж туристер саны бойынша рекорд орнатуы мүмкін деген болжам бар. Туристердің тағы бір сүйікті орны – Грекия. Мұнда демалуға ниет білдіріп жатқандар қатары артып келеді.
Алайда қонақ үй иелері қуанатын түк те жоқ дейді. Өйткені қызметкерлер тапшы. жазда 50 мың маман жетіспейтін түрі бар. Өйткені коронавирустан кейін көбі қашықтан жұмыс істеуге үйреніп қалған. Енді басқалары жалақысы көп жұмыс керегін айтады.
АҚШ-ТА САЯХАТШЫЛАРДЫ ЖАНАРМАЙ БАҒАСЫ АЛАҢДАТАДЫ
Ал АҚШ-та демалушыларды басқа мәселе мазалап отыр. Олар жанармайдың қымбаттауына алаңдайды. Өйткені жергілікті автомобиль қауымдастығының мәліметіне сәйкес, жазда тұрғындардың көбі жеке көлігімен саяхаттауды жоспарлап отырса керек. Бірақ қазір апта сайын жанармай бағасына қатысты рекорд жаңартылып жатыр.
УГАНДАДА ІШКІ ТУРИЗМГЕ ҮМІТ КӨП
Африкадағы Уганда билігі биыл ішкі туризм жанданатынын болжап отыр. Оған әлеуметтік желілердің көп пайдасы тиді. Өйткені пандемия кезінде үйде отырған жұрт елдегі көрікті жерлер туралы әсерін онлайнда бөлісіп, нәтижесінде сұраныс арта түскен.