Эйфель мұнарасының құрылысының басталуы біраз қиындықтарға толы болды. Себебі, бұл жобаның салынуына бірқатар жандар наразылық білдірген болатын. Олардың пікірінше, Эйфель мұнарасы салынса, Париж қаласы ұсқынсыз болып көрінеді. Тіпті, құрылыс жұмыстары аяқталған соң да, жобаға сын айтушылардың саны толастаған жоқ. Тек біраз жылдардан кейін Франция халқы жобаға оң көзбен қарап, оның көзтартар сұлулығын бүкіл әлем мойындады.
1789 жылы болған революцияның жүз жылдық мерейтойын атап өту мақсатында дүниежүзілік көрме ұйымдастыру шарасы қолға алынды. Шарада таңқаларлық бір дүниені ойлап табу керек болатын. Ұйымдастырушылар көптеген талас-тартыстың нәтижесінде француз инженері Гюстав Эйфельдің жұмысына тоқталады.
Алайда, бұл жоба техникалық жағынан өте "құрғақ" болды. Көрменің шарты бойынша, жоба қала көркін ашып қана қоймай, сәулеті көркем әрі тартымды болуы керек. Мұнара эстетикалық шарттарға сай болу үшін сәулетші Стефан Совестрге мұнараны көркемдеу жұмыстары тапсырылды. Стефан Совестр мұнара негізін тастармен қаптап, бірінші қабат алаңында үлкен аркаларды орнатуды ұсынды. Бұл арка мұнараның басты кіріп-шығатын есігі болып, әр қабатта әйнекпен қапталған көрме залдары орналасты. Сондай-ақ, мұнараның бас жағын дөңгелек пішінге келтіріп, әр түрлі сәнді элементтермен әсемдеу керектігін айтты.
Құрылыс жұмыстары 2 жыл, 2 ай және бес күн жүргізілді. 1887 жылы 28 қаңтарда басталып, 1889 жылы 3 наурызда аяқталған құрылысқа 300 адам жұмылдырылды.
Мұнараның тез арада салынып бітуі барлық құрылыс нысандарының өлшемдері нақты әрі тура болып сызылуына байланысты болды. Жобаны белгіленген уақытта бітіру үшін Эйфель алдын ала дайын құрылыс бөлшектерін жасауды қолға алады. Сена өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Эйфель мұнарасы Париж қаласының ғана емес, күллі Франция елінің нышанына айналды.
Қызықты мәліметтер:
• Мұнара салмағы 7 300 тоннаға жетеді.
• 1889 жылы құрылыс жұмыстары біткен соң, Эйфель мұнарасы әлемдегі ең биік ғимарат деп танылып, қырық жылға жуық осы мәртебеге ие болды.
• Бұл күнде Эйфель мұнарасы Франциядағы ең биік ғимараттар арасында 5-орынға ие.
• Мұнараны тот басудан сақтау мақсатында әр жеті жыл сайын бояу жұмыстары жүргізіліп, 50-60 тонна сыр кетеді.
• Эйфель мұнарасының шағын көшірмелері әлемнің бірқатар қалаларында бар: Лас-Вегас (АҚШ), Гаунчжоу және Шэньчжэн (Қытай), • Слобозия (Румыния), Копенгаген (Дания), Варна (Болгария), Алматы (Қазақстан) және т.б.