Альпинистер Эвересттен бірнеше тонна қоқыс пен саяхатшылардың мүрдесін тапқан.
Тауда жиналып қалған қоқыстарды тазалаған 20 шерп (Эверест айналасында өмір сүретін тибеттіктерді осылай атайды) 11 тонна қоқыс жинап, 4 адамның мүрдесін тауып алған.
Альпинистердің айтуынша, олар қар астында қалып қойып, қар ерігеннен соң шыққан. Шерптер шың айналасы падаланылған оттегі баллондары, сынып қалған саты, пластик ыдыстарға толып кеткенін айтады.
Еске сала кетейік, биыл Эверестте қаза болғандардың саны жылдағыдан көп болып тұр. Әр жылы Эверестті бағындырғысы келетіндер Гималайға наурыз бен мамыр аралығында жиналады. Себебі дәл осы уақытта Эверестте ауа райы жаймашуақ болып, жаңбыр мен қар да аз жауады. Бірақ биыл, Гималайда ауа райы жылдағыдай болмай, жиі боран соғып, қар көп түскен. Соның кесірінен Джомолунгмаға шығу жолында ұзақ кезек пайда болған. Ал, альпинистер тау басында өздері есептегеннен де ұзақтау қалып қойған.
Жыл сайын арман арқалап барғандардың кемінде он шақтысы қайтпай қалып жатады. Ал биыл Эверест шыңын бағындыру жолында қайтыс болғандардың саны тіптен көп. Непал үкіметінің хабарлауынша, биылғы наурыз бен мамыр аралығында 20 альпинист қаза тауыпты.