Шетелге сапар шеккенде, қалтаның біраз қағылатыны сөзсіз. Демалысты барынша үнемді етуге тырысқанменен, қандай көлемде болмасын шығынның болатыны хақ. Ақша-қаражаттарды үнемду мақсатында тегін көңіл көтеру мен қызметтерді пайдалануға болады. Назарларыңызға Еуропа елдерінде тегін көрсетілетін қызметтерді ұсынамыз.
Копенгаген, Дания
Бұл қалада жаяу жүргіңіз келмесе, тегін берілетін велосипедтерге мініңіз. Қалада велосипедтерді жалға беру қызметі жұмыс істейді. Ешқандай да ақы төлемей, шексіз уақытқа велосипедтерді ала аласыз.
Цюрих, Швейцария
Тәттіқұмарлар бұл қалада тойғанынша шоколад жей алады. Lindt & Sprungli фабрикасына қарасты шоколад мұражайы бар. Бұл мұражайға келген әрбір жанға тәтті тағамдар мен шоколад өнімдері тегін ұсынылады.
Эдинбург, Ұлыбритания
Эдинбург қаласында жыл сайын өткізілетін әзіл-оспақ фестиваліне кіру үшін қымбат билеттерді сатып алу керек. Бірақ та, ақылы фестивальмен қатар, бұл қалада тегін фестивальдер өткізіледі. Тегін әзіл-оспақ көрсетілімдердің көрермені болып, ақша-қаражаттарыңызды үнемдей аласыз.
Париж, Франция
Атақты Лувр өз қонақтарына әрқашанда есігін айқара ашады. Ал әр айдың бірінші жексенбісінде қонақтар мұражайға тегін кіре алады. Атақты «Мона Лиза» құпиясын ашуға тырысып көріңіз. Басқа күндері мұражайға кіру бағасы 10 еуроны құрайды.
Амстердам, Нидерланды
Concertgebouw залында әр аптаның сәрсенбісінде түскі уақытта тегін концерт көрсетіледі. Жергілікті халық бұл күнді асыға күтеді. Сіз де бұл концертке тегін кіріп, жергілікті халықтың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік ала аласыз.
Лондон, Ұлыбритания
Лондон қаласында тарихи мұражайлардың саны шексіз. Олардың барлығы дерлік бүкіл әлемге кеңінен танымал. Кейбір туристер Лондон қаласына атақты Биг Бенді көру үшін емес, құнды жәдігерлерге толы мұражайларды аралау үшін арнайы келеді. Қаладағы мұражайлардың кейбірі өз қонақтарынан ақы алмайды.
Берлин, Германия
Берлин қаласында күніне екі рет тегін экскурсия қызметін пайдалануға болады. Тегін экскурсия аясында қаланың көрікті мекендерімен қатар, көпшілік біле бермейтін жерлерді аралай аласыз.
Барселона, Испания
Еуропа елдеріндегі кейбір ғимараттарды суретке түсіру үшін немесе жанына барып, жақынырақ танысу үшін ақы талап етіледі. Бірақ та, Барселонадағы көрікті мекендерді көру үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Соның бірі Барселонаның мақтанышына айналған Антонио Гаудидің ғажайып жобасы. Бұл ғимарат маңында тегін серуендеуге болады.
Мадрид, Испания
Әлемдегі жәдігерлерге бай ең үлкен мұражайлардың бірі Мадрид қаласында орналасқан. Атақты Прадо ұлттық мұражайына сейсенбі мен сенбі күндері сағат 18.00-20.00 аралығында, сондай-ақ, жексенбі күні сағат 17.00-20.00 аралығында кіру тегін.
Дублин, Ирландия
Оскар Уайльд, Брем Стокер, Сэмюэль Беккет шығармаларымен жақынырақ танысуды көздесеңіз, Дублин Тринити-колледжіне асығыңыз. Атақты әдебиет өкілдерінің білім алған ордасын тегін аралауға болады.
Рим, Италия
Рим қаласындағы қызықты шатыры бар Пантеон күллі Италияның мақтанышына айналған-ды. Алайда, көпшілік қауым бұл ғимаратты тегін аралауға болатындығын біле бермейді. Егер де Рим қаласына жолыңыз түсіп жатса, Пантеонға баруды ұмытпаңыз.
Милан, Италия
Сыраханалар мен жергілікті барларда ішімдік алсаңыз, ауқат тегін беріледі. Ішімдікке жақын жан болмасаңыз да, оған тапсырыс беріп, тегін тамақпен ауқаттанып алыңыз.
Венеция, Италия
Қаладағы Ұлы Марк алаңында сатылатын кофенің бағасы қымбат. Алайда, атақты Café Florian жерінде кофе тегін таратылады. Ыстық кофе іше отырып, жергілікті музыкантардың орындауындағы әсем әуендерді тыңдай аласыз.
Лиссабон, Португалия
Жексенбі күні қаладағы мұражайлар мен көрмелерге тегін кіре аласыз. Бұл күні туристермен қатар, жергілікті тұрғындар да осындай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады.
Суреттер: skyscanner.ru, hrmtools.org, oformi.net