- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Еуропадағы ерекше кітапханалар...
Еуропадағы ерекше кітапханалар
Жаз – саяхат уақыты. Керемет демалыс кезінен ерекше естелік алғыңыз келсе, көне кітапханаларға барыңыз. Әдемі сурет, естен кетпес әсер аласыз. Сыр сақтаған сиқыр секілді өз қалпынан айнымаған кітапхана саны Еуропада 440 мыңнан асады. Солардың біразын назарларыңызға ұсынамыз.
Тринити колледж кітапханасы, Дублин
Өзі аттас оқу орнына ғана емес, Дублин университетіне де қызмет көрсетеді. Ирландияның ең көне әрі әдемі кітапханаларының бірегейі, себебі Елизавета І тапсырмасымен салынған ғимарат. Кітапхананың негізгі орны – оқу залы 65 метрге созылады. "Жұлдыздар шайқасы" фильмінің екінші бөлімінде осы оқу залы көрінеді.
Францияның ұлттық кітапханасы, Париж
Құрылысы 1461 жылы басталып, 1868 жылы аяқталған үлкен кітапхананың тарихы мол. Бастапқыда ең ұзақ салынған кітапхана аталымын иеленіп келсе, кейін ұлттық кітапхана деңгейіне жеткен. Қазір кітапхана кең оқу залдарымен, бай кітап қорымен, дөңгелене орналасқан кітапсөрелерімен мақтана алады. Айтпақшы, мұнда 5000-нан астам көне грек жазбалары сақталған.
Клементинум, Чех Ұлттық кітапханасы, Прага
Клементинум ғимарат кешенінде XVIII ғасырдан бері келе жатқан бірнеше қоғамдық орындар бар, соның бірі – кітапхана. 1722 жылы есігін ашқан кітапхана өңін бір өзгертпеген. Туристердің де қызығатыны сол. Бұл жерде классикалық музыкаға арналған концерттер жиі ұйымдастырылып тұрады.
Вибленген монастырдың кітапханасы, Ульм
Рококо стиліндегі кітапхана интерьері, ескерткіштер, мәрмәр бағаналар, фрескалар құдды бір мұражай іспеттес. Бұл ғимараттың жартысында университет емханасы, қарттар үйі, екінші жартысында кітапхана орналасқан.
Бристоль орталық кітапханасы, Бристоль
Бұл кітапхананы ақ түсті қабырға, арка, баспалдақ, мәрмәр мен қою қоңыр түсті орындықтардың, кітапсөрелердің тамаша үйлесімі ерекшелей түседі. Топтамадағы басқа кітапханаларға қарағанда әлдеқайда жас, 1906 жылы салынған.
Эскориал корольдік кітапханасы, Сан-Лоренсо-де-Эль-Эскориаль
Филипп ІІ нұсқауымен салынған кітапханада патшаның қалауымен жинақталған бай қор сақталған. Уәзірлерімен кеңесіп, керек деген кітаптарды алыс-жақыннан тапсырыспен алдыртқан.
Мафра сарайының кітапханасы, Мафра
Мафра сарай кешенінде монастырь, кітапхана, базилика (ерте заманда римдіктердің сот, сауда істеріне арнаған үйі, кейінірек – ішінде қатар-қатар бағаналары бар храм) орналасқан. Кітапханасының төбесі ақ, сөрелер қызғылт, мәрмәр түсті, едені қызғылт сұр түстен контрастты реңк береді. Бұл жерде 36 000-нан астам кітап сақталған. Кітаптарды жәндіктер бүлдіріп кетпес үшін кітапхана ішіне әдейілеп жарқанаттар жіберіледі. Ашылған күнінен бері осы әдіс әлі сақталып келеді. Португалияның мақтанышыны саналатын кітапханаға кіру үшін алдын ала тіркелу керек.
Қасиетті Женевьева кітапханасы
Көне аббатта орналасқан француз кітапханасының қорында екі миллионнан астам кітап сақталған. Оның ішінде ортағасырлық қолжазбалар да бар. Келушілер үстелдер үстіндегі жасыл шамдар мен төбедегі шойын бөренелерге таңдана қарайды. Бостон кітапханасының архитекторларына идея берген осы дизайн.
Кодрингтон кітапханасы, Оксфорд
Әлем ғалымдарын өзіне магнитше тартатын бұл кітапханада 200 мыңнан астам социология,әскери таным, тарих салалары бойынша кітаптар сақталған. Ағылшын стилі мен қатаң заңдылықты сақтаған интерьерден сұр түсті сөрелер мен, едендегі геометриялық пішіндер, сирек кездесетін ескерткіштерді көруге болады. XVIII ғасырдан кірпіші қаланған кітапханаға тек бір-ақ рет, 1990-жылдардың ортасында жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Джироламини кітапханасы, Неаполь
Неапольде 1586 жылы монастырь кешенінде салынған бұл кітапхана әлі күнге дейін қызмет көрсетіп келеді. Манускрипт, көне ноталарға, фолиант пен қолжазбаларға толы үш қабатты ғимараттың іші өте әдемі. Қою қоңыр түсті сиқырлы әлем іспетті.
Г. Берік