- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Еуропадағы біртүрлі 7...
Еуропадағы біртүрлі 7 ереже: Google Maps-ты қолдануға болмайды
Көшеде баспалдақта отырып құстарға жем беру, биік өкшелі аяқ киім кию Еуропаның кей елдерінде ақылға сыйымсыз. Тіпті, айыппұл салып, ойламаған жерден шығынға батыруы мүмкін. "Әр елдің салты басқа..." десе, дегендей.
Суға түсетін киіммен жүруге болмайды!
Еуропаның кей қалаларында суға түсетін киіммен жүруге қатаң тыйым салынған. Жағажай құмынан қатты тас жолға аяқ басқан сәттен бастап үстіңізді жабатын киім кию міндеттеледі. Мәселен, Хорватия, Испания, Италияда сондай ереже бар. Еуропаның жалаң киіммен жүруге болатын жағажайлары бар. Тек сол жерлерде ғана еркін жүруге болады.
Құстарға жем беруге болмайды!
Венецияның қала әкімшілігі көшеде құстарға жем берген әр адамға 36 еуро айыппұл салады. Әкімшілік адамдардың құстарға беретін тамағы оларға зиянын тигізеді деп санайды. 2008 жылдан бері бұл заң күшіне енген. Ал Сан-Марко қаласына бара қалсаңыз, бұл заңға бағынбасаңыз, 50-ден 200 еуроға дейін айыппұл салады.
Көшеде тамақ жеуге болмайды!
Италияда қоғамдық жерлерде және қаланың көрнекті орындарында тамақтану тыйым салынған. Мәселен, Римде Испан баспалдағында немесе Треви субұрқағының жанына көкке шықсаңыз (пикник) сізге 40-тан 240 еуро арасында айыппұл салады. Римде, тіпті, бұл ережені бұзып, қара тізімге алады: кейін бұл қалаға қайта кіргізбеуі мүмкін.
Осыған ұқсас ереже Венецияда да бар. Бірде берлиндік туристер Риальто көпірінде кофебрейк ұйымдастырмақшы болады. Туристер баспалдақта орнығып, кофеқайнатқыштарын отқа қойған. Бұл пикник үшін олар 1000 еуро айыппұл төлеген.
Ал Флоренцияда шаршаған туристер отырып алмас үшін шіркеулер мен тарихи ғимараттардың алдындағы баспалдақтарды жиі "суарып" тұрады екен.
Велосипедпен жүруге болмайды!
Венеция – тыйым салу бойынша көшбасшы. Қаланың тарихи орталығы түгел жаяу жүргіншілерге арналған, сондықтан бұл жерде велосипедпен жүруге тыйым салынған. Қала ішінде ескертпе белгілері де бар. тіпті, велосипедті айдамай, жаныңда алып жүрсең де, 100 еуроға дейін айыппұлға ілінуіңіз мүмкін. Велосипедпен тек Piazzale Roma ауданында жүре аласыз: айдап емес, қолыңызға алып жүре аласыз.
Биік өкшелі аяқ киіммен жүруге болмайды!
Стиль, жайлылық, заң үшеуі үндескен ережелері бар қалалар Еуропада көп. Мәселен, Грекияға сапар шегетін болсаңыз, стильді биік өкшелі аяқ киімдеріңізді қалдырып кетіңіз. Көне ескерткіштердің қирандылары арасында аяғыңызды жарақаттап аласыз, бірақ басты себеп – сол тарихи ескерткіштерге биік өкше (каблук) зиянын тигізуі мүмкін.
Құмнан сарай, тастан мұнара тұрғызуға болмайды!
Магалуф шипажайында (Испания) құмнан сарай тұрғызуға тыйым салған үшін 100 еуро айыппұл салады. Себебі, құм сарайлар құтқарушылар қызметіне кедергі болады және кей тынығушылар мұндай сарай-мұнаралар теңіздің пейзажын жауып, сұлулық көрсетпеді деп шағымданады. Оған қоса, аралда гүл жұлуға, субұрқақтан су ішуге болмайды.
Испаниялық Тенерифе шипажайында тастан мұнара тұрғызуға болмайды. Себебі, майда әдемі тастар (галька) жергілікті экожүйенің тірегі, ал мұнаралар сол экожүйеге кері әсер етеді. Тастардың астында майда балдырлар өседі. Бұл балдырлармен шаян, рептилия, ұлулар қоректенеді. Ұсақ тастарды қозғаған сайын балдырлар азая бастайды, демек теңіз жағалауының тұрғындары азықсыз қалады.
Google Maps-ты қолдануға болмайды!
Италияның Бауней қаласында Google Maps жүйесін қолдануға тыйым салынған. Себебі, карта дұрыс жасақталмаған, келген туристер жолды таппай, жиі адасқан. Саяхатшылар жүруге болмайтын жолдарға өтіп, өздіктерінен кері қайта алмаған жағдайлар тіркелген. 2019 жылы жергілікті құтқарушылар тобы жүзден аса адасқан туристерді алып қайтқан.
Сол себепті жолдарда "Google Maps-пен жүрмеңіздер!" деген ескертпелер орнатылған.
Г. Берік