М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері Нұрбол Құдайбергенов Еуропа сапарынан алған әсері туралы әңгімелеп береді.
Еуропа сапары: таным мен пайым
- Апатай, біз 10 күндік тағылымдамадан өту үшін Еуропаға бармақшымыз! – дедім алып-ұшып. Қуанып кетті анашым. Сұрап жатыр. Телефонның ар жағынан «бұл неғылған батпан құйрықтың» лебі ескендей болды. Мән-жайды білген соң:
- Жарығым-ау, ақшаны қайттің, ақшаны?! - деді тосылып.
- Бәрін мемлекет төлейтін болды, апатай!
- Ее, айналайын, көп жасасын! Жасаған жақсылығы Құдайдан қайтсын!
Сапардың басы осылай басталды.
Алматыдан таң ата самғаған ұшақ таң ата Амстердамға қонды. 7 сағат ұшыппыз. 500 адам – 500 тағдырды аман-есен жеткізгенде, «Boeing»-тің «жүргізуші жігітіне» бәріміз дән риза болғанбыз. Аллаға шүкір! Ду қол шапалақ... Шапалақ соғылмағанда ше? Осыдан сәл уақыт бұрын мүлде басқаша күй кешіп отырғанбыз. Алдымыздағы экран айтады: «Сыртта – 80 градус суық. 12 мың метр биіктікпен ұшып келеміз!». Рас. Ара-тұра ауа қысымынан әуе кемесі дірілдейді, оған үрейленген біреулердің жүрек дірілін қосыңыз... Жаңағы шапалақтың қаттырақ шығуына да осы кісілердің еңбегі көбірек сіңген болуы керек. Рақмет.
Амстердам – гүл қала. Атлант мұхитының бауырында орналасқан шаһар туралы бұрын естігеніміз болмаса, көп біле бермейтінбіз. Қаланы аралай алмадық. Қонарда үстінен шарлап өткенбіз. Соның өзі қызық, қуаныш. Қаланы қыдырмасақ та, қалада жүргендей сезіндік. Өйткені, дүниежүзіндегі ең ірі әуежайдың біріндеміз, құжынаған халық. Әлемнің барлық елінің өкілдері жүр. ХІІ ғасырда балықшылар ауылы ретінде іргесі қаланыпты. Бүгінде тоғыз жолдың торабындағы туристер тұрағына айналған. Әрине, уақытша тұрақ. Біз де бірер сағаттан соң Польшаға кетеміз. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күніндегі» бір сөйлем көңілде қайталана берді. Қаңқасы қалғанымен, сырт-тұрпаты өзгерген:«Бұл жерде ұшақтар батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай ұшып жатады...». Біз де ұшып кеттік. Варшава! «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан қазығұрттық бауырымыз күтіп алды. Жөн сілтеп, бағдар берді. Қалада көп болмадық, «жол мұраты – жету», Польшаның батысында орналасқан Познаньға жету үшін Уарс мен Сауа сұлудың қаласынан кетуге тура келді.
Айтпақшы, бірер сөз Варшава атауының түбі қайдан шыққаны туралы. Қала Висла өзенінің бойында екен. Аңыз бойынша, ертеректе, «ешкі жүні бөртеде» Уарс (Wars) деген балықшы жігіт пен Сауа (Szawa) атты су перісі біріне-бірі ғашық болып, отау тігіпті. Әрине, бақытты болған. Қала атауы сол аңызбен тікелей байланысты.
Познань қаласына шұғыл жүріп кеттік. Жүрдек отарба (электричка) 4 сағат болмай Польшаның батысында орналасқан шағын қалаға жеткізіп салды. Адам Мицкевич атындағы университеттің жас оқытушысы жылы шыраймен қарсы алды. Есімі – Жақып (Якуб). Бәйек боп жүр. Бұлар да қазақ сияқты қонақжай болады екен. Жақып қана емес, көшедегі кез келген азаматы бізге ілтипат көрсетеді. Таныса кетеміз. Алғашқы сұрақ:«Сіздер қытайлықсыздар ма, әлде жапониялықсыздар ма?». «Oou, Kazakhstan!» – дейді жөнімізді білгесін.
Варшавадан шаршамай келген кісі жоқ. Қонақүйге орналасқан магистранттардың бәрі демалуға асыққан. Ертеңіне сабаққа қатыстық. Адам Мицкевич атындағы университет. Қазақтың – Абайы, поляктың – Адамы бар. Әлемнің 371-орында тұратын оқу ордасы. Басында мұрын шүйіргендей болдық, кейіннен ғылым-білімге жасалған қамқорлығына таң қалдық. Кредиттік жүйе деген жақсы екен ғой! Студент болып, 4 жыл осы жүйемен оқысақ та, жете танымайды екенбіз жарықтықты. Біздікілер атын алыпты да, затын қалдырып кетіпті. Сағынып көрістік. Поляктар уақытпен санаса білген халық екен. Бір, тіпті жарты минут та кешіктірмей, сабақты бастап жіберді дәріскеріміз. Профессор Янковский қазақшаға ағып тұр. Әдебиеттер тізімі беріліп, тақырыптың түйінді тұстары интербелсенді тақта арқылы түсіндірілді. Кредиттік жүйенің бар шарт-талаптары орындалғандай. «Генрих ағай», – деймін, көкейдегі кей сұрақты профессорға қоярда, қаратпа сөз Янковскийдің көңілінен шыға қоймады. «Сіздер әлемге орыстың көзімен қарап үйренгенсіздер», – деп бастады әңгімесін. Оған уәж айтқымыз келгенімен, дәйекті дәлелмен сөзін жалғағанда, амалсыз мойындауға тура келді. Сөйтсек, Ілияс Жансүгіров еуропалық есімдерді аударғанда, Хансты – Қаныш, Генрихті – Кеңірік деп алыпты... Кеңірік ағай Қазақ Елін бізден кем білмейді, көрген-түйгені мол, сауатты ғалым екен. Екінші күнгі сабағымызды жетісайлық әпкеміз жүргізген. Тоқсаныншы жылдары қарт ҚазПИ-ді бітіріп, осы университеттің Азия факультетіне қызметке тұрыпты. Полякшасы да, ағылшыншасы да жатық. Гүләйхан әпкеміз түркологияның өзекті мәселелерін қаузады, білімі мен адами болмысы өріле өрнектелгендей-ақ екен.
Келесі күні ғылыми конференцияға қатыстық. Израиль мен Ресейдің, Швеция мен Польша ғалымдарының бастары түйіскен үлкен жиын болды. Түркітанудың түйткілдері туралы толғамдар тыңдадық. Ғылыми конференциялары біздегі ресмилік атаулыдан ада. Танымал тұлғалар алма-кезек сөйлеп жатыр. Көбі үстіне жұқалтым жүнжейде, аяғына спорттық бәтеңке киіпті. Қызық! Әрине, біз үшін. Дәрежесі дардай ғалымдардың микрофон тасып жүргені де «оғаштау» көрінген. Үзіліс кезінде арамыздағы өнерлі білімгерлер қолдарына қазақтың қара домбырасын алды. Мұхамет күй күмбірлетті. Меруерт ән шырқады. «Көңіл толқынын» шерткенде елтіп кеткен тыңдарман, «Адайды» естігенде қайраттанғандай болды. «Көзіңнің мөлдірін-айдың» әуені шетелдіктердің жан-дүниесін сиқырлап алды ма, әйтеуір, жиын соңынан әннің тарихы мен сипатын сұрайтындар саябырсыған жоқ.
Бірлігі жарасып, берекесі ұйып отырған орда. Тәнті болдық. Польшада тек бұл емес, 200-ден аса жоғарғы оқу орны бар. 90 мыңнан астам ізденуші осы шаңырақтарда тәлім алып жүр.
«Bonjour, Paris!»
Демалыс күні Парижге бару бұйырды. Алагеуім шақ. Таң атып, айнала жарық бола бастаған сайын жүректегі қобалжу арта түскен. «Мына жерде Ж.Верн жүрген шығар... Наполеонның ізі қалған қала... Мопассан бейнелеген француз әйелдері... Бальзак сынаған қоғамның кеспірі... Гюгоның қаламына азық, жырына арқау болған өңір! Франция!». Классиктердің кезекті кейіпкеріндей сезіндім өзімді. Бұл қала қазаққа да таңсық емес сияқты. ХІХ ғасырда Шәңгерей Бөкеев талай келген жер. Француз зиялыларымен етене араласыпты. Өркениетті елдерге жету жолында барын да, жанын да салып қызмет еткен бабамыздың бірі. Қазаққа қаншама қайыр жасағанын да білеміз. Кәрі тарих айтып берген бәрін. Ал Қажымұқан атамыз бұл қаланың тұрғындарын талай тамсандырған. Әміре Қашаубаев атамыздың әуенді әні осы қалада тұрып күллі әлемнің интеллигенциясының бойларына қуат боп дарығаны бар. Күні кеше Бекболат ән шырқаған шаһар...
Ығы-жығы жұрт, сәл мүлт кетсең, қасыңдағы серігіңді жоғалтасың. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 29 магистранты – 5 ұл, 24 қыз-келіншек. Көппіз. Бірақ Парижде теңізге тамған тамшыдай-ақпыз. Азбыз.
Эйфель мұнарасының үстінен түсірілген сурет
Әйгілі Эйфел. Керек кезде кезек көп. Әрең дегенде мұнара басына шықтық. Ұшар биігіне жеткенде көрдік, алақандағыдай емес, қарасаң көз талады. Қаланың шеті, шегі көрінбейді екен.
- Өләә! – деді біріншіміз.
- Қасқа! – деді екіншіміз.
- Мәссаған! – деді үшінші біреуі.
- Оо, great! – дейді бір турист. Әйтеуір, бәрі таңданыстарын ішіне жасыра алмады. Таңданыс дейтін сезім ұқсас болғанымен, түрліше естіліп жатты.
Лувр! Әлемнің бар жауһарын жинаған музей. Кіре алмайтынымызға көз жетті. Кезек шамадан тыс көп екен. Аңтарылып, ақылдаса бастағанбыз. Екі адамымыз келді алып-ұшып, ақын Мақпал Жұмабайды көріпті. Үшеуі келді асығып, осында оқитын қазақ жігіттерімен кездесіпті.
Таңғы алтыдан кешкі алтыға дейін көрнекті орындардың көбіне барып үлгердік. Қайда барсаң да – ауыз ашып, көңіл сенбейтін дүниелер. Көзбен көрген соң, көңіл де иланады. «Кесені қолыма алып, қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деген жолдар тілімнің ұшына келгенде бір-ақ байқаппын. Еріксіз еске түскен – Сұлтанмахмұттың «Бір адамғасы». Париждің сәнді-салтанатты ғимараттары мен адам айтса нанғысыз байлығынан Оңтүстік Америка мен Африка елдерінің қан мен тері көрінгендей болды. Жоқ, елес екен. Ой, сана елесі. Бірақ шындық...
Біз «күлдір-күлдір кісінетіп» жүргенде, Батыс «Кел, балалар, оқылығын» айтып жатқан-ды. Озық оқу ордалары бой түзей бастаған. Ыбырай атам 1864 жылдың қаңтарында «балаларды оқытуға аш қасқырдай кірісіп жатқанда», Батыста «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызу» өнері біршама дамып та қалған-тұғын. Еуропа көш ілгері. Тұлпар – ғылымға мініпті де, замана бәйгесінде өзгелерден оқ бойы озып кетіпті. Әйтсе де, шабысы бәсеңдей бастағандай...
Еуропа сапары осылай аяқталды. Жүрек езіліп қайтты... Салыстырайын демейсің, еріксіз көзге көрініп қалады. Жай емес, бадырайып тағы! Қазақ қоғамы неге олай емес?! Бұл – қаптаған сұрақтың басы ғана. Сөйтіп, көңіл дәптеріне бір азырақ әсер жазылып қалды. Көбі сұрақ белгісімен бітетін сөйлемдер екен. Тасқа жазбасақ та, тысқа шығардық. Атын «Негенама» деп қойдық.
«Негенама?!»
Ұлыбритания мен Франция арасында «100 жылдық соғыс» болған. Германия бастаған ІІ Дүниежүзілік алапат соғыстың өрті Польшада тұтанған-ды. Тарих парақтарының қай бетінде де бір-бірімен шайқасып жататын ағылшындар мен француздардың, бірін-бірі атуға оғы болмаған немістер мен поляктардың шекараларында темір түгіл, жіп те жоқ. Діні мен ділі, тілі мен тіні түбірлес туысқан түркілер арасындағы шекарада ит азап, итжығыс... Неге?! Польшаның шағын Познань қаласының өзінде (мегаполистерді айтпағанда) Азия елдерін зерттеумен айналысатын факультет, ғылыми орталықтар бар. Қазақшасы судай мамандар да табылды. Азия елдерінде (Қазақстанда да) Батысты зерттейтін үлкен орталықтарды табу қиын. Неге?! «Алтын адаммен» мақтанамыз! Сақ бабамның сарқыты ғой. Өкініштісі, Еуропа ғылымында тұрақтанған теріс түсінік бар. «Сақтар – иран тектес тайпа!». Соңғы сабағымыз дау-тартыспен өтті. Ол жақтағылар «тек дәлел-дерекке, ғылыми шындыққа ғана тоқтайды» екен. Археологиялық қазба деректер де, жазба деректер де бар бізде. Бірақ мойындамайды. Айна-қатесіз ақиқат, шынайы шындық деп ұғады, бітті! Неге?! Алматы көшелерінде 20-30 метр сайын қоқыс жәшігі тұрады. Ол жақта жоқтың қасы. Тіпті, темекінің тұқылын таппайсыз; тазалығына тәнті болдық! Өзіміздегі тазалық – тәртіппен салыстырғанда, тағы да «негелер?!» санамызда атой салғаны...Бұл сұрақтарға әркім-ақ бір ауыз сөзбен жауап бере салуы мүмкін. Бірақ ол жауаппен көңіл көншіп, жан жадырай ма екен?! Көзіміз жетпеген құпиялардың кілтін сөзіміз жетіп айтып бере алмаспыз әсте...
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағат, uralcons.org