Ерекше қасиеті бар тіршілік иелері

Ерекше қасиеті бар тіршілік иелері
Фото: unsplash.com

Табиғаттың тылсымын айтпаңыз. Кейбір жаратылыстардың адам сенгісіз қасиеттерін көргенде, өз көзімізге өзіміз сенбей, еріксіз таңырқап жатамыз.

Сондай ерекше қасиетке ие жәндіктің бірі - саламандра. 

Саламандра улы, қауіпті қосмекенді жәндіктердің қатарына жатады. Оның кез келген мүшесін кесіп тастаса, 8 аптаның ішінде қайтып қалпына келеді екен! Қолын кесіп тастаса, қолы, аяғын кессе, аяғы қайтып өсіп шығады...

Демек, тіршілік иесінде қайта қалпына келу мүмкіндігі болғаны! Аяғы не қолы, не құлағы жоқ адамдар өмірден қор болып, өтіп жатады... Саламандра мүшесін қалай қалпына келтіреді? Енді ғалымдар осы құпияны шешсе, кей жандардың он екі мүшесін түгел қылатын күн де алыс емес-ау...

Ал сегізаяқ (осьминог) туралы естуіңіз бар ма? Сегізаяқ - суда тірлік кешетін жәндік. Оның құпиясы сонда - жауынан қорғану үшін жолындағы кез келген тасқа барып жабысып, секунд ішінде денесін тура тастың түсіндей қылып өзгерте алады.

Терісіндегі керіліп-созыла алатын түрлі пигменттер сегізаяқтың түсін өзгертеді.  Сегізаяқ қорыққанда ақ, ашуланғанда қызыл түске боялады. Сондай-ақ, ол тастың үлкен-кішілігін анықтап, "көңілді" кездері қолдарымен заттарды ұстап, ойнайды екен. 

Медузаның су асты әлемінің сұлулары екеніне күмән жоқ. Бұл бір жұмбаққа толы тіршілік иесінде көз де, жүрек те, қанайналым жүйесі де, желбезек те, тіпті ми да жоқ. Сонда олар қалай тіршілік етеді? Ғалымдар олар денесімен тыныстайды дейді. Миы болмаса, өзін-өзі қалай басқарады? Бұл да жұмбақ...

Секундына 2 метр жерді жүзіп өтетін медуза қаншалықты сұлу болса, адам өміріне келтіретін қаупі де соншалықты зор екен. Оның уы адамды 3 минут ішінде сеспей қатыратын көрінеді. Сондықтан, су астында медузаны көріп қалсаңыз, көркіне тамсанам деп, жанына жетіп бармаңыз...

Р. Роза