Еліміздің әсем табиғаты мен салт-дәстүрі Air Astana-ның ұшу алдындағы жаңа бейне нұсқаулығына негіз болды

Еліміздің әсем табиғаты мен салт-дәстүрі Air Astana-ның ұшу алдындағы жаңа бейне нұсқаулығына негіз болды
Фото: Air Astana

Наурыз мейрамына орай Air Astana әуекомпаниясы жолаушыларына ұшу алдындағы жаңа бейне нұсқаулығын ұсынды. Жаңартылған нұсқаулық ұшу қауіпсіздік ережелерін ғана емес Қазақстанның бай мәдениеті мен әсем табиғатын қамтыған.

Отандық компаниялар арасында ұлттық дәстүрді дәріптейтін, тұмса табиғаттың әдемілігін, ұлттың этникалық бояуын насихаттайтын компаниялар кем де кем. Солардың ішіндегі бірегейі – Air Astana. Оған дәлел - әуе компанияның ұшу алдындағы жаңа нұсқаулығы.

Бейне ролик түсіріліміне актерлерден бөлек 100-ден астам адам қатысқан. Қазақстандық композитор Эмиль Досов бейнебаянға арнайы әуен жазса, шетелдік бірнеше танымал клиптің режиссері Айсұлтан Сейітов заманауи техникаларды қолданып, бейне нұсқаулықты түсірген. 4 минуттық бейне роликте Қазақстанның бірнеше көрікті жерлері көрсетілген. Түсірілім 1 жылға жуық уақытқа созылған. 

Осыншама еңбек пен күш жұмсаудың себебі неде деп ойлайсыз? Ұшу алдындағы қауіпсіздік ережелерін мұқият тыңдау керегін бәріміз білеміз. Алайда жолаушы жылына бірнеше рет ұшатын болса, уақыт өте бұл ережелерге құлақ аспай, оларды назардан тыс қалдыра бастайтыны жасырын емес. Осыны болдырмау үшін ұшу алдындағы нұсқаулықтар әдеттегіден ерекше, назарды тартып тұратын болуы керек. Ал ұшу алдындағы бейне нұсқаулықта маңызды қауіпсіздік ережелері ұлттық ойындар, еліміздің ғажап табиғаты және тарихымен ұтымды ұштастырылып жасалса, кім де болсын қызығып, оларды мұқият тыңдайды емес пе?

Air Astana бейне нұсқаулығының тағы бір ұтымды жағы - саяхатшылардың Қазақстан мәдениеті мен табиғатына қызығушылығын арттыруы.

"Қазақстанның әсем табиғаты, біртұтас мәдениеті мен салт-дәстүрі Air Astana-ның жаңа қауіпсіздік бейнебаянының жасалуына бірден-бір себеп. Бейнебаян арқылы жолаушылар қауіпсіздік ережелерімен танысып қана қоймай, Қазақстанның табиғи, көрікті жерлеріне қызығып, оларды өз көзімен тамашалауға шабыт алатынына сенімдіміз", - дейді Air Astana әуекомпаниясының борттық қызметі жөніндегі вице-президенті Елена Обухова. 

Әрбір әуекомпания өз safety-нұсқаулығын ерекше етіп жасауға тырысады. Дегенмен Air Astana ұсынған бейне ролик барлық жағынан озық шығып, ешбір жолаушысын бей-жай қалдырмайтын сияқты. Шетелдіктерді ғана емес қазақстандықтардың өзін турист болып ел аралауға шабыттандырады деген үміттеміз.

 

Т. Раушанұлы