- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Дүниежүзін шарлаудың 7...
Дүниежүзін шарлаудың 7 салдары
Дүниежүзін шарлауға бір емес, бірнеше ай уақыт кетеді. Өкінішке орай, кезекті еңбек демалысы ұзаққа созыла бермейді. Сондықтан да дүниежүзін шарлап қайтуға мүмкіндік болмайды. Алайда, алты құрлықты аралау аяқ астынан болу мүмкін. Осыған байланысты әлемнің түкпір-түкпірін аралауға түрткі болатын жеті себеп-салдарды айта кетейік.
Оқу не жұмыс бағдарламалары
Мектеп, жоғары оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналаспас бұрын, алаңсыз саяхат жасауға болады. Білім ордасынан алған тәлім саяхат кезінде кәдеңізге жарайтын болады. Шетелде тегін жұмыс істеу немесе оқу бағдарламалары арқылы сіз біліміңізді жетілідіріп қана қоймай, әлемнің түкпір-түкпірін аралап қайта аласыз.
Орта жас кезіндегі күйзеліс
Өткен күндерге көз жүгіртіп, алдағы күндер жайлы ойлап, өз өміріне көзқарасты өзгерту мақсатында көптеген жандар саяхат жасауды жөн көреді. Себебі, өзге ортада жүрген кезде адам баласы талдау жасай алады. Әлемді шарлау адам баласына өмірді тереңірек түсінуге жол ашады.
Жаңа жұмыс
Еңбек етемін деген жанға шетелде де жұмыс табылады. Ол үшін міндетті түрде өзге тілде еркін сөйлеудің аса қажеті жоқ. Шетелдерде өз еліңіздің азаматтарымен бірге өз тіліңізді қолдана отырып жұмыс істей аласыз. Мысалы, елшілікте, мәдени ошақтарда т.с.с.
Зейнетке шығу
Сан жылдар бойы жұмыс істеп, бала-шағасының жағдайын жасап, зейнетке шыққан жандар демалу үшін шетелді аралайды. Әдетте, зейнетке шыққан қауым саяхат кезінде денсаулықтарын түзетіп қайтады. Мысалы, тұзды шипажайларда демалып, ем-дом қабылдайды.
Рақымдылық
Жүрегі кең жандар табиғи апатқа немесе қайғылы жағдайға тап болған мекендерді аралауды жөн көреді. Өз көзімен қайғы жамылған жандарды көріп, қасіреттеріне ортақтасуды жөн санайды. Жандарынан табылып, көңілдерін аулауға тырысады. Өз еркімен көмек беріп, қайырымдылық шараларға қатысады.
Жайдан-жай демалыс
Жоғарыда аталған бірде-бір себепті алға тартпай-ақ, жайдан-жай саяхат жасауға болады емес пе?! Бұрыннан бері Үнді еліне сапар шегуді, Болгария суына шомылуды армандап жүрсеңіз, жүгіңізді жинап жолға шығуға асығыңыз. Өзге елдің тыныс-тіршілігімен таныса отырып, күнделікті күйбең тіршілікті ұмыта аласыз.
Ғ. Ұзақ