- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Дубайға саяхат: не...
Дубайға саяхат: не көруге болады, қанша ақша қажет?
Біріккен Араб Әмірліктері – 7 әмірліктен тұратын федератив ел. Оның құрамына кіретін әр әмірлікті жеке мемлекет ретінде қарастыруға болады. Әрқайсысының өз территориясы, өз заңдары мен рәміздері, астанасы бар. Дубай – сол 7 әмірліктің бірі. Халқының саны жағынан бірінші орында, территориясы жағынан екінші орында тұрғандықтан бұл әмірліктің елдегі орны ерекше. Әсіресе, бүкіл әлемге танылған оның астанасы, өзімен аттас Дубай қаласы.
Дубай десе, көп адам көз алдына шалқыған өмірді, мұнайды елестетеді. Бұл қаланың қарқынды дамуына алғаш кезде мұнайдың көмектескені шын. Бірақ мұндағы үкімет бизнесті қолдап, қаржы айналымдары мен саудаға қатысты дұрыс саясат жүргізіп, географиялық жағдайды тиімді пайдаланып, туризмді дамытуды қолға алмаса, мұнайдан түскен ақша құмға сіңген судай болар еді. Бүгінде Дубай шаһары Таяу Шығыстың аса маңызды қаржы, сауда және туризм орталығы саналады.
Парсы шығанағының жағасында орналасқан қаланың климаты туризмге қолайсыз. Дубайда күн өте ыстық. Ең суық ай саналатын қаңтардың орташа температурасы +19 градус. Ал жазда көлеңкелі жердегі температура 50 градусқа дейін жетуі мүмкін. Айта кетерлігі, мұнда жауын-шашын аз. Тіпті, мамырдан қазанға дейін алты бойы көктен тамшы тамбауы қалыпты жағдай.
Дубайда қазақстандықтар 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Ал ол мерзімнен асып кетсе айыппұл төлейді. Айыппұл көлемі жергілікті заңнамаға сәйкес белгіленеді. Визасыз режим кезінде келіссөздер мен кездесулер өткізуге рұқсат бар. Алайда, жұмыс істеу мақсатын қамтымайды.
БАӘ туралы қызықты деректер:
• БАӘ халқының саны 9 миллион 800 мың адам. Алайда оның небәрі 15% осы елдің азаматы. Қалған 85% жұмыс іздеп келген келімсектер.
• Мұнда араб тілі – ресми тіл. Бірақ елдің көбі келімсек болғандықтан олар ағылшынша сөйлейді.
• Қызмет көрсету саласында істейтіндер – келімсектер. Ал жергілікті ұлт өкілдері мемлекеттік қызметте немесе жеке бизнеспен айналысады.
• Жергілікті ұлт өкілдерінің жағдайы жұмыссыз жүруге әбден жетеді. Олардың жұмыс істеудегі мақсаты ақша табу емес, ермек.
• Заң қатал. Жол ережесін бұзғаның үшін бірнеше мың доллар айыппұл төлейсің. Тіпті дүре соғу деген жаза бар. Сондықтан ешкім заң бұзбайды.
• Қылмыс мүлде жоқ деуге болады. Егер екі келімсек төбелесіп қалса, екеуін де елден шығарып жібереді және қайта келу құқынан айырады. Сол себепті бәрі сыпайы.
• Қоқыс тастауға, арнайы белгісі жоқ жерден жолды кесіп өтуге болмайды. Айыппұл мөлшері өте көп.
• Жаңадан үйленген жастарға мемлекеттен жақсы көмек беріледі. Ақша, баспана… Басты шарт – екеуі де жергілікті ұлттан болуы керек.
• Жергілікті қыз басқа елдің азаматына тұрмысқа шықса, бұл елдің азаматтығын жоғалтады.
• Жергілікті жігіт басқа елдің қызын жар етіп алса, оның әйелі бес жылдан кейін осы елдің азаматтығын ала алады.
• Мұндағы әйелдер «Кешке не дайындаймын?» деп емес, «Ресторанға не киіп барамын?» деп бас қатырады. ⠀
• Күн ыстық деп қорықпаңыздар. Барлық ғимараттың ішінде, көліктерде кондиционер қосулы тұрады. ⠀
• Сим-карта алу қымбатқа шығады. Бүкіл жерде тегін wi-fi бар. Соны қолданыңыздар.
• Дубайда 2020 жылы ЭКСПО өтеді. БАӘ бар кереметін көрсетуге дайындалып жатыр.
Дубайда не көруге болады?
Бурдж-Халифа.
Биіктігі 828 метрді құрайтын, 163 қабаттан тұратын әлемдегі ең биік ғимарат. Ол Skidmore, Owings & Merrill американдық архитекторлық бюросының жобасы бойынша 2004-2010 жылдар аралығында салынған. «Бурдж-Халифа» атауын арабшадан аударар болса, «Халифа мұнарасы» деген мағына береді. Ғимараттың ішінде 57 лифт бар. Бүгінде туристер көп келетін нысанға айналған.
Биші фонтан.
Бурдж-Халифаның жанында орналасқан, 12 га жерді алып жатқан фонтан. Одан атқылаған су 128 метр биіктікке дейін көтеріледі. Алайда, бұл фонтанды әлемге әйгілі еткен оның көлемі емес, музыка ырғағына сай су шаша алуы. Бүгінде Дубайға келген қонақтар «биші фонтанды» міндетті түрде көруге тырысады.
Дубай Марина.
Қаланың батысында орналасқан, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқан ауданы. Дубайдағы ең ғажап ғимараттар осы ауданда шоғырланған. Сондай-ақ Маринада қолдан жасалған шығанақ және яхталар тоқтайтын айлақ бар.
Дейра ауданы.
Дейра — Дубайдың тарихи ауданы саналады. Бұл ауданға келсеңіз, қаланы мүлде басқа қырынан танисыз. Себебі, мұнда әдеттегі жылтыраған ғимараттар мен мұнтаздай таза көшелер жоқ. Дейрада көбіне үндістер мен пәкістандықтар тұрады және жұмыс істейді. Бұл аудан өзінің үлкен базарымен де танымал. Базардағы бағалар сауда орталықтарына қарағанда әлдеқайда төмен. Сондай-ақ Дейрада порт орналасқандықтан, мұнда абра қайықтарына отырып, уақыт өткізуге болады.
The Dubai Mall.
Көлемі 1,2 млн м² жерді алып жатқан әлемдегі ең үлкен ойын-сауық және сауда орталығы. Оның ішінде 1200 дүкен, түрлі аттракциондар мен көңіл көтеретін нысандар бар. Dubai Mall қаланың жаңа сауда және іскерлік орталығы саналатын Даунтаун Дубайдың құрылымына сай етіп салынған. Ол Emaar Malls Group фирмасының басты жобасы.
Парсы шығанағы.
Дубай Парсы шығанағының жағасында орналасқан. Мұнда су тұзды әрі жылы. Тіпті, қазан айында су температурасы 30 градусқа дейін көтеріледі. Қаладағы жағажайлар көбіне тегін. Шомылуға жағдай жасалған. Қосымша ақшаға душ қабылдап, жатын орын жалдау мүмкіндігі бар. Метро немесе тамақтану орындары жағаға жақын орналасқан.
Дубайда тағы не көруге болатынын, қандай қиындықтар кездесетінін және БАӘ-не саяхат жасау үшін қанша ақша керек екенін төмендегі видеодан біле аласыздар.
@. @assel_assanova