- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Дэвид Блейн үш...
Дэвид Блейн үш тәулік бойы найзағай отымен ойнамақ
Рейтер агенттінің хабарлауынша, даңқты америкалық иллюзионист Дэвид Блэйн өзінің денесін тоққа күйдірмек. Қолдан жасалған найзағай оты Тесла трансформаторынан 72 сағат бойы күш қуатын сақтап тұрады.
39 жастағы «тентек» мұндай қиын қойылымды қазанның 5 мен 8 аралығында Нью-Йорктың екі жағынан да кемелер келіп тоқтау үшін жағадан суға қарай сұғындыра салынған құрылғысында көрсетпек. Дэвид 6 метр биіктікте тұрып үстіне 10 келіден асатын темір сауыт киеді. Темір сауыт атақты Фарадейдің теориясы бойынша, яғни тоқ өткізбейтін қорған ретінде қолданылады да, фокусшыны тоқ көзінен сақтайды екен. Бұл тәжірибе әлемнің әр бұрышында: Токио, Сидней, Пекин, Лондон қалаларындағы интерактивті теледидардан көрсетілмек.
Тәжірибе уақытында иллюзионист бір татым ас ішпейді, тек түтікше арқылы су ішпек. Дәретке бару мәселесін ұйымдастырушы топ жария етуден бас тартты. Жұмыс кезінде Тесла аппаратының қатты гүрілдейтіндігі себепті, ұйымдастырушы топпен және көрерменмен үнемі байланыста болуы үшін ол арнайы жасалған құлаққап киеді.
Қатысушы топ тоқ қуаты миллионға жетіп, бас кейіпкеріміздің өміріне қауіп төндіретінін білсе де, бұл сынақты тоқтатпайтынын айтып өтті. Ал дәрігерлер Дэвидтің өміріне қауіп төндіретін фактор электр тоғынан емес, соның әсерінен бөлінетін азот оксиді мен озон газдарынан тұншығуды айтып дабыл қағуда. Десек те, ұйымдастырушылар ауа тазалығын реттейтін арнайы қондырғы қойылғанын айтады.
Дэвид Блэйн адам сенгісіз мұндай сынақтардан бірінші рет өтіп отырған жоқ. Мәселен, Нью-Йорктағы Таймс-Сквер алаңында жасанды мұздың ішінде 63 сағат бойы шыдаған. Тағы біреуі Лондонда болды. Қаланың Темза өзенінің үстінде ілінген шаршы кеңістіктің ішінде ол 44 күн бойы өмір сүрді. Аяғын жіпке байлап қойып төменге секірген соң, 60 сағат бойы басын салбыратып тұру да осы «тентектің» ісі болатын. Су астында 17 минут тұруы да әлем жұртшылығын таңдай қақтырған еді. Иллюзионситің айтуынша, бұл сынақ өміріндегі ең елеулі сынақтардың бірі екен.
Дайындаған: Ардақ ҚҰЛТАЙ
Сурет: lenta.ru
А. Құлтай