Әдетте бір мемлекеттен келесі мемлекеттің шекарасына өту үшін тікұшақтың не кеменің көмегіне жүгініп жатамыз. Ал Даниядан Швецияға жету үшін қарапайым автокөлік-теміржолын пайдалануға болады. Бұл әмбебап жол даниялық Копенгаген мен шведтік Мальме қалаларын байланыстырып тұр. Өзіңіз байқағаныңыздай, бұл жолда автокөлік те, пойыз та еркін жүре алады.
Эресунндық жерасты-көпір жолының құрылыс жұмыстары 1995 жылы басталып, 1999 жылдың он төртінші сәуірінде аяқталды. Жұмыс кезінде теңіз түбінен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жарылмай қалған снарядтар табылып, кедергі келтірген болатын. Алайда барлық қиындықтарға мойымаған құрылыс жасағы көпірді межелі уақыттан үш ай бұрын бітірді.
Құрылыс аяқталған күні даттық ханшайым Фредерика мен шведтік кронханшайым Виктория көпірдің дәл ортасында кездесті. Ал 2000 жылдың бірінші шілдесінде өткен ашылу салтанаты екі жұрттың да мәңгі есінде қалады деген ойдамыз. Дүбірлі мерекеге монархтардың өзі - ІІ Маргрете патшайым мен XVI Карл қатысты.
Мұндай ауқымды жобаның дүниеге келуіне Дания мен Швецияның Шенгендік аймаққа кіретіндігі және олардың арасында төлқұжаттық, таможниялық бақылаудың алынып тасталынғандығы әсер етті.
Жерасты-көпірінің ұзындығы бар болғаны 7845 метрді құрайды екен. Және 5 құбыр бар: оның екеуі теміржол транспортына арналған, келесі екеуі автокөлік қозғалысына қызмет етеді. Соңғысы төтенше жағдайлар үшін ұйымдастырылған.
Бастапқы кезде көпір жолақысы удай қымбат болатын. Сондықтан бұл жолды пайдаланатындардың қатары тым аз еді. 2005-2006 жылдары үкімет тарапынан көрсетілген жеңілдіктерден кейін қозғалыс интенсивтілігі едәуір арта түсті. Осы көпірдің арқасында даниялықтар Мальме жерінен арзан үйлерді сатып алып, Даниядағы жұмыстарына еркін барып келе алатын болды. Бұл адамдарға жолақыға байланысты 75% жеңілдік жасалады.
2008 жылы автокөлік жолақысы 36,3 евро болып белгіленді. Көпірді 25 млн. адам пайдаланып, оның 15 млн.-ы жеке көлігімен жүрсе, 10 млн.-ы пойыздың көмегіне жүгінеді.
Эрессундық жерасты-көпір жолына 30 млрд. даттық крон жұмсалды. 2006 жылы шведтіктер жолды кеңейту, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген мақсатпен 9,45 млрд. швед кронын салды. Мемлекет бұл қаржыны тек 2035 жылы ғана қайтарып аламыз деп отыр.
Суреттер: lifeglobe.net
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева