Америка Құрама Штаттарының Иллинойс штатында нағыз Рапунцельдер отбасы өмір сүреді. Сонда қалай? Бәрінің де шашы ұзын ба? Иә, бір отбасында анасы мен үш қызының шаштарын қосқанда төрт метрді құрайды.
Тере Линн Светлечич Рассел бойжеткен кезінен бастап шашына қайшы тигізген емес. Чипке тұрмысқа шыққан соң да ол өз шашының қыз кезіндегі сұлулығы мен қайраттылығынан айрылып қалған жоқ. Шашын байлығы санайтын ол қолаң шашына аса жоғары мұқияттылықпен қарайды. Шешесінің ұзын шашын көріп өскен қолаң шашты әйелдің үш қызы да шашына қайшы тигізбей еркіне қоя берген. Шешелерінен үлгі алған үш қызының шашы ұзарған сайын әкелері де мәз болады.
Өз қаласында жиі өтіп тұратын «Ең ұзын бұрым иесі» атты байқаудың жеңімпазы атанған Тере Линннің шашының ұзындығы қазір бір жарым метрді құрайды. Он бір жастағы Кэллан есімді үлкен қызының бұрымы жетпіс үш сантиметрге жетсе, тоғыз жастағы Сенделин шашын жетпіс екі сантиметрге дейін өсірген. Алты жастағы кішкентай Чесни де әпкелерінен қалысар емес. Оның шашының ұзындығы елу екі жарым сантиметрді құрайды. Шашы ұзын қыздардан бөлек олардың бұл «жарысқа» қатыспайтын інілері мен Чейпин есімді жасына енді толған сіңлілері бар.
Шешелері үш қызының шаштарына аса жауапкершілікпен қарайды. Кейде өзі тарап, шаштарына түрлі пайдалы қоспаларды сеуіп тұрады. Түрлі-түрлі шаш үлгілерімен шаштарын сәндейтін анасы қыздарының ұзын бұрымын ерекше мақтан тұтады.
Әрине, мұндай ұзын шаш ерекше күтімді қажет етеді. Тере Линн шашын бір жуу үшін басын сәл ғана төмендетіп, тік тұрып жууға мәжбүр болады. Шаштарын жуып тазалау үшін анасы мен қыздарына ауыз толтырып айтарлықтай көп мөлшерде су кетеді.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: billionnews.ru