Ертеде Дунай өзені Буда және Пешт қалаларын бөлген. Буда шаһары алып шыңдары мен қорғандарымен танылса, тегіс Пешт көркем табиғатымен көздің жауын алған. Кейін бұл екі қаланы біріктіріп, атауын Пешт-Буда деп өзгерткен. Алайда, жаңа атау көпшілік көңілінен шықпағандықтан, сондай-ақ, айтуға қиын болғандықтан, қаланы «Будапешт» деп атап кеткен. Әлі күнге дейін қаланың кейбір көне аудандарында ескі атау көптеп кездеседі.
Қала ортасында ағып жатқан Дунай өзенінің бойында сегіз алып көпір салынған. Бұл көпірлер Венгрия елінің ғана емес, күллі Еуропа құрлығының мақтанышына айналған. Әсіресе, екі жақ басында алып арыстан мүсіндері орнатылған шынжырлы көпір қаланың басты нышаны болып табылады.
Будапешт Мадияр елінің астанасы ғана емес, мәдени ошағы болып табылады. Бір қаланың өзінде сексенге тарта мұражай мен көрме бар. Әр апта сайын бұл мекемелердің мәдени бағдарламасы жаңарып тұрады. Сондықтан да кез келген экскурссиялық бағдарламаның аясында мұражайды аралауға болады. Ал кішкентай балалар үшін арнайы ақпараттық-танымдық экскурссиялар жүргізіледі. Мұражай қызметкерлері атақты суретшілердің туындыларында бейнеленген кейіпкерлердің бейнесін сомдап, көрме қабырғасына тізілген суреттермен таныстырады. Ал Будапешт Опера театры Еуропадағы ең үздік театрлардың бірі болып саналады. ΧIΧ ғасыр соңында сәулетші Миклош Ибле жобасымен тұрғызылған алып ғимарат өзгелерді көркімен тәнті етеді. Ғимараттың сыртқы жағына Монтеверди, Моцарт, Бетховен, Верди, Глинка, Вагнер, Чайковский сынды опера майталмандарының тастан қашалған мүсіндері орналастырылған. Екі жағында театрдың алғашқы директоры Ференц Лист пен Венгрия әнұранының авторы Ференц Эркель мүсіндері бой көтерген. Театрдың басты залы 1300 адамға арналған. Жыл сайын жаз мезгілінде театр ұжымы «БудаФест» опера және балет фестивалін өткізеді.
Будапешт қаласын жаяу аралауға болады. Бұл қаланың тұрғындары өте мейірімді әрі сыпайы. Тек сыған балаларынан сақ болғайсыздар. Себебі, олар туристерді аңдып, қалта-сөмкелеріне қол сұғуға дайын тұрады. Адасып қалған жағдайда, сізге бағыт-бағдар беріп, жол сілтейді. Ал қала картасын кез келген дүңгіршек не қонақүйден ала аласыз.
Қалада метро, трамвай, троллейбус, автобус сияқты қоғамдық көліктер мен такси не жалға берілетін жеке көліктер, рикша, велосипед арқылы қатынауға болады. Қоғамдық көлікте жол жүру бағасы 1 еуроны құрайды. Ал жеке көлікті жалға алу бағасы көліктің моделіне, жалға алу уақытының мерзіміне байланысты. Такси көліктері қала көшелерінің жиегінде тұрады. Есігін емін-еркін ашып, керекті мекен-жайды атайсыз. Көлік жүргізушісі айтылған мекенге жеткізіп салғаннан кейін есептегіш автомат көрсетілген соманы сізден талап етеді. Такси қызметі, рикша, велосипед жол қашықтығына байланысты арнайы есептеуіш құрал арқылы анықталады.
Қаланың басты көрікті мекендерін аралап, тарихына тереңірек үңілгіңіз келсе, туристік қызметке жүгініңіз. Туристерге арналған ашық автобустар қала көшелерімен баяу жүріп, қала тарихы мен мадияр халқының бітім-болмысын айтып, жақынырақ таныстырады. Туристік қызмет бағасы экскурссиялық бағдарламаның ауқымына байланысты. Ал әр жексенбі сайын қала әкімшілігі жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына арнап, тегін экскурссия жүргізеді.
Дайындаған және суретке түсірген: Ғазиза Ұзақ