Ұлыбританияда 1 қазаннан бастап, тәуліктің кез келген уақытында үйленіп, тұрмыс құруға болады деген қаулы шықты.
176 жыл бойына іргесі сөгілмей келген заңның негізі шарты бойынша, үйленуге тілек білдірушілер сағат сегізден кешкі алтыға дейінгі аралықта ғана шаңырақ көтере алатын еді. Айта кететін болсақ, 1836 жылдар аралығында түнде үйленуге рұқсат берілген болатын. Кейін құпия некелесулердің орын алуына байланысты күндіз ғана үйленесің деген жарғы шыққан-ды.
Ал ендігі қадамға құт бітсін дей отырып, Британ үкіметінің бұған не үшін барып отырғанын білгіңіз келе ме? БАҚ-тың соңғы таратып отырған ақпараты бойынша, кезек күтіп тұрған жандардың үйленуге деген тілек-армандарын тез арада орындаудан туған кезекті қаулы екен.
Соған да қарамастан, шіркеулер мен діни ұйымдар некелесуді бұрынғы тәртіп бойынша өткізіп тұрады (сағат сегізден кешкі алтыға дейін). Ал қалған бүкіл азаматтық ұйымдар тиісінше үйленуге тілек білдірген жұптарды тәуліктің кез келген сағатында қабылдай алады.
сурет:trud.ru
Дайындаған: Фараби Бақыт