68 жастағы Ранульф Файнс жарты жылға созылатын "суық саяхатын" бастады, деп хабарлайды Newsru.com.
6 адамнан тұратын Файнстың командасы сапарын Кейптауннан бастады. Олар осылайша 4 000 шақырым жол жүріп, мұзды континентті бағындыруды жоспарлап отыр.
"Басымызды қатерге бұлайша байлап беруімізді көп адам сынға алуы мүмкін. Дегенмен америкалықтар тәуекел етпесе, ешқашан Айға қона алмас еді", - деп сұхбат берді Файнс.
Антарктика. Суретті CryoSat-2 спутнигі түсірген
Саяхатшылар Антарктиканы бағындыруға кем дегенде 6 ай уақыт кетеді деп отыр. Оларды төменгі температурадан жылытқыш костюмдер қорғайтын болады. Айта кетелік, континенттегі ең төменгі температура Цельсий шкаласы бойынша 89,2 градусты құрайды.
Бір қызығы материкті бағындырғаннан кейін саяхатшыларға сол аймақта біршама уақыт өмір сүруге тура келеді. Олар осылайша оңтүстікафрикалық "Агулас" полярлық кемесін күтетін болады. Жоспар бойынша, Файнстың командасы Антарктикада 2014 жылдың қаңтарына дейін тірлік қылмақ.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ski.ru, nauka21vek.ru