Амазонияның Джунглиі мен Рио-де-Жанейро жағажайының алтыны, кофенің хоші иісі, алапат сарқырамалардың дауысы – мұның бәрі де планетаның түкпір-түкпіріндегі туристерді Бразилияға магнит секілді тартады. Шіркін-ай, жағажайларын айтыңыз! Копакабаненің өзі неге тұрады. Жылы әрі мөлдір теңіз бен бразилиялық асхананы, бразилиялық сұлуларды көрудің өзі екінің біріне бұйырмаса керек. Біздің бүгінгі виртуалды саяхатымыз да осы Бразилияға жасалады. Ортамызға қосылыңыз.
Бразилия – қызықты мәдениеті, ерекше табиғи ландшафты және өте бай жануарлар әлемі бар көне мемлекет. Осы бір жылы өлкеде басқа елдермен салыстырғанда өте көп жануарлар өмір сүреді екен. Таңғалуға да болмайды. Өйткені, елдің өте көп бөлігін Амазония алып жатыр.
Астанасы – Бразилия. Халық саны – 153 млн. Орташа өмір сүру жасы: ерлер – 62, әйелдер – 68. Жер көлемі –8.5111.965 шаршы шақырым. Ұлттық валютасы – реал. Негізгі тілі португаль болғанымен, мемлекет құрамындағы тайпалар 180-нен астам тілде сөйлейді.
Ел аумағында әлемдегі ең үлкен су жүйелері жатыр. Олар – Амазонка, Парана, Ла-Плата, Сан-Франсиско өзендері. Игуасу, Гуайр сынды алып сарқырамалар бар. Туристер қауымы Бразилияға "Ұлы мүмкіндіктер елі" деп баға берген екен. Бұл, сірә, қойнауындағы тас көмір, темір, марганец және уран рудалары, алтын, алмас, аметист, изумруд сынды табиғи байлықтардың арқасында болса керек. Бразилия әлемдік нарықта сирек кездесетін вольфрам, хром, бериллий, молибден, цирконий сынды металдарды тасымалдауда кең танылған.
Бразилияда 10 халықаралық әуежай, 16 теңіз порты, 192 жоғарғы оқу орны, оның ішінде 93 университет бар.
Ай алқабы мен Рио-де-Жанейро туралы бұған дейін айтып өткенбіз. Ал Бонито, Пантанал, Кеймана-Гранди жылан аралы, Ленсойс-Мараньенсис саябағы туралы бір кітап жазуға болады. Бразилияның ең көрікті жерлерін төмендегі видеодан көре аласыздар:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/olEWVbnK6r8","width":"425","height":"350"});
Бразилия және ел тұрғындары туралы ең қызықты мәліметтер:
Дәстүр бойынша, Бразилияда ешкім ешқашан уақытында келмейді. Бұл жағынан қазақтарға ұқсас екен. Мәселен, қонақтарды сағат беске шақырған болсаңыз, 7-8-ге күтсеңіз болады. Бұл әдет тек қонақтарға қатысты емес, Бразилияда сериалдар мен жаңалықтар 15 минут кешігіп басталады.
Бразилиялықтар қолма-қол ақшаны пайдаланбайды, есепті кредиттік карталармен төлейді. Нақты ақшамен төлеймін десеңіз, өте абай болуыңыз керек.
Сан-Паулудың тұрғындары үйден жұмысқа дейінгі жолға 3-4 сағат уақыт жұмсайды. Кептелісте осынша уақыт тұру олар үшін қалыпты жағдай.
Барлық бразилиялықтар Havaianas (Хаваянас) аталатын сүйретпе киіп жүруді ұнатады. Олар осы аяқ киіммен мейрамханаға да бара береді.
Бразилиядағы ең танымал сусындар: кока-кола және гуарана жидегінен жасалған газды сусын. Ал алкогольді сусындардан ең танымалы сыра мен кашасу (қантты қамыстан жасалған).
Дәстүр бойынша, бразилиялықтар өмірлеріне шағым айтпайды, тіпті көңіл-күйі нашар кездің өзінде "Қалың қалай?" (Tudo bem) деген сұраққа "Бәрі керемет" (Тudo) деген жауапты айтады.
Көп адам Бразилия көшелерінде маймылдар жүреді деп ойлайды. Шын мәнінде, бұл дұрыс емес, Бразилиядан ешқашан маймылды кездестіре алмайсыз.
Бразилияда көшеде жалғыз жүру өте қауіпті, әсіресе түнде тәуекелге баруға кеңес бермес едік. Күндіздің өзінде балалар көшеге жалғыз жіберілмейді.
Бразилиялықтардың бәрінің үйінде үй қызметкері бар, олар үй жинап, тамақ істейді. Тіпті, ең кедей деген отбасының өзі қызметкер ұстайды.
Пәтерлерде 2-3 жуынатын бөлме бар. Олар басқалардың қалай бір ғана жуынатын бөлмені пайдаланатындықтарын түсінбейді екен.
Тағам туралы айтар болсақ, аса ерекшеліктер байқалмайды. Қуырылған сиыр еті мен салаттар күніне екі рет желінеді. Тәттілері бізбен салыстырғанда, екі есе тәттірек келеді.
Көшелерде қаңғыбастар мен қайыр тілеушілер аз емес. Бразилияда жас әрі еңбекке қабілетті адамдардың өзі қайыр сұраудан ұялмайды.
Бразилиялықтар өте ашық-жарқын келеді, бір-бірімен себепсіз-ақ жақын сөйлесе береді. Бірақ көшеде тұрған бойжеткенге танысуға бола ма деген өтініш айтуға мүлде болмайды.
Барлық импортты тауарлар екі есе қымбат, керек десеңіз, үш есе қымбат келеді. Оған себеп болып отырған – мемлекеттік салық.
Бразилияның 15 пайыз халқы сауатсыз келеді, олар жаза да, оқи да алмайды. Ал 30 пайызы оқығанынан керекті ақпаратты табуға икемсіз.
Олардың ең сүйікті ермегі – сыра ішіп, футбол көру. Және сыра мен кокос суын құшаққа алып, жағажайда демалу.
Бразилияның басты мерекесі – Рождество. Жаңа жылға аса мән берілмейді.
Бразилиялықтардың бәрі қара денелі емес, оңтүстігінде көккөзді аққұбалар да бар.
Сериал мен футбол ешқашан бірдей уақытта көрсетілмейді. Себебі, олар үшін екеуі де өте маңызды.
Супермаркеттегі тауарлардың бағасы өте қымбат болғандықтан, көпшілігі несиеге алады. Сондықтан тауар бағасының қасында несиеге шаққандағы бағасы да жазулы тұрады.
Бразилияда ағылшын тілінің маңызы жоқ. Бұл тілмен онда ештеңе бітіре алмайсыз.
Бразилия халқы өте отансүйгіш. Олардың сөрелерінде міндетті түрде ел туы бейнеленген футболкалар жатады.
Тұрмыс құру мәселесі өте қатаң бақыланады. Бес, тіпті он жыл кездескен ғашықтар ғана отбасын құрады екен. Олар отбасы, туыстық дегенді қатты құрметтейді, алыс аймақтағы жақындарымен жақсы араласып тұрады.
Бразилиялық отбасыларда үш және үштен көп бала бар, екі балалы отбасы өте аз.
Олар кедейшілікке қарамастан, өздерін ең бақытты халықтар қатарына жатқызады және әлем елдерді мұны құптайды.
Карнавал уақытында бүкіл ел демалады. Карнавал – олар үшін ұлттық мереке.
Испания
Германия
Америка
Канада
Египет
Корея
Жапония
Дания
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com