- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Бір көргеннен ғашық...
Бір көргеннен ғашық болу...
Лондон көзі – қаланың негізгі туристік құжаты әрі көрікті орны саналады. Заманауи қала осы бір ескерткішінің арқасында өз имиджін жасап, адамдар назарын аудара алды.
ХХ ғасырдың соңында Ұлыбританиядағы Темза өзенінің оң жағалауына алып көріністі дөңгелек орнатылғанда осыншалықты атақты бола алатындығына күмән келтіргендердің қатары көп еді. Алайда, Лондон көзі он жыл өтпей жатып, қаланың ажырамас бөлшегіне айналып үлгерді. Лондонмен бірге жасасып келе жатқандай... Қазір жергілікті тұрғындар мен миллиондаған туристерді дөңгелексіз елестету қиын-ақ.
Лондон көзінің тарихы
1993 жылы Sunday Times журналында оқырмандарға жаңа мыңжылдықты қарсы алуға арналған жаңа ескерткіш жобасын жасау туралы ұсыныс жарияланады. Өздері жеке жобалармен айналысып жүрген ерлі-зайыпты Дэвида Маркс пен Джулия Бардфилдті бұл хабарландыру бейжай қалдырмады.
Олар бұған дейін Ричард Роджерс және Норман Фостер сынды танымал сәулетшілердің кеңсесіне қызмет еткен. Бірқалыпты жұмыстан жалыққан жұптар жаңа мыңжылдықты қарсы алу мерекесіне ат салысқылары келеді де, әлгі байқауға қатысуға өтініш береді.
Лондон көзі – әлемдегі ең биік, ең үлкен дөңгелектің бірі. Мұнда революциялық дизайнның ең мықты элементтері мен инженерлік өнердің озық үлгілері жинақталған. Ұзындығы 135 метр ескерткіш осыған дейін ең биік саналған Жапониядағы Йокагами Бей дөңгелегінен 30 метр асып түсті.
Және Қытайдағы, Сингапурдағы ескерткіштер бой көтермейінше, яғни, 2006 жылға дейін ең биік дөңгелек мәртебесін жоғалтпай келді.
Лондон көзі қала ландшафтын өзгертіп, Британия астанасындағы туризмді дамытуда, экономиканы жоғарылатуда маңызды рөл атқарды, атқарып та келеді. Тез арада Лондон астанасының нышанына айнала шықты. Бұл – Ұлыбританиядағы нөмірі бірінші атракцион және теледидарлық шоуларға, фильмдерге, жарнамаларға таптырмас түсірілім алаңы.
Көрнекті орынға күн сайын 10 000 адам келіп-кетеді. Қаланың кереметтей көрінісін көру үшін жылына 3,5 млн. адам кезекке тұрады екен. Бар болғаны қырық минуттың ішінде қаланың барлық ғимараттарын көріп шығуға болады. Дөңгелек үстіне шыға салысымен қалаға еріксіз ғашық боласыз. Иә, бір көргеннен ғашық болу деген осы...
Жаңа Жыл, Еске алу күндерінде, туған күн, үйлену тойларда Лондон көзінің жанында әртүрлі отшашулар ұйымдастырылып, қаланы қуанышқа бөлейді.
Темза өзенінің оңтүстік жағалауындағы ескерткішті кейде "Лондонға кірер қақпа" деп те атап жатады. Ал сәулетші Ричард Роджерс: "Лондон көзі Парижге Эйфель мұнарасы қандай маңызды болса, Лондон көзі де Лондонға соншалықтың маңызды әрі қымбат және негізгі нышанына айналды. Бұл амамдарға биікке шығып, қала үстінен қарауға мүмкіндік береді. Тек қана арнайы мамандар немесе байлар ғана емес, қарапайым адамдар да мүмкіндікті еш кедергісіз пайдалана алады" деп жазған екен.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет:vk.com