Бір ғұмыр, бір ғасыр, бір ғимарат...

Бір ғұмыр, бір ғасыр, бір ғимарат...

Барселона қаласындағы Саграда Фамилия ғимаратының құрылыс жұмыстары бір ғасырдан астам уақыттан бері үздіксіз жүргізіліп келеді. Оның айналасында жүргендердің айтуынша, испаниялық тұрғындар үйдің ашылу салтанатын 20 жылдан кейін тамашалайтын көрінеді.

Шіркеудің ең алғашқы тасы 1882 жылы қаланған. Ғимарат жобасын бастапқыда ұсынған - Франческо дель Вильяр есімді азамат болса, біршама уақыттан кейін оның орнын Антонио Гауди алмастырды. Сәулетші құрылыс жұмыстары басталып кеткен бастапқы жобаны толықтай өзгертіп, өз нұсқасын бекітті.

Антони Гаудидің идеясы тым ерекше. Дайын шіркеудің ұзындығы – 170 метр. Бұл Барселонаның ең биік тауынан бір метр ғана кіші. Гауди осылайша адамзат жасаған дүниенің табиғи туындыдан аса алмайтындығын айтқысы келген.

Саграда Фамилия бір қарағанда құздар мен үңгірлер жүйесіне өте ұқсас келеді. Ғимарат ішінде күмбез орнына тұрғызылған ерекше құбырлар бар. Олар көбіне көпбұрышты болып келеді, ал кейбірі ағаштарды еске салады. Гаудидің айтуынша, шіркеу іші орман іспеттес болады екен. Соған қарағанда, шіркеудің төбесінде тесіктер көп болатын секілді. Шіркеу үшін дәстүрлі сәулет үлгісі болмағанымен, жұрт жобаны толықтай қолдап отыр. Сондай-ақ онда 18 мұнара болады деп жоспарлануда. Әр мұнара белгілі бір ұғымды нышандайтын болады.

Ойға алынған шіркеудің көлемі ғана емес, өте күрделі келетін безендіру жұмыстары таңырқауға тұрарлықтай. Гауди әрбір тастың, әрбір темірдің салмағын өлшеп шыққан. Ол тіпті қоңырау жүйесін жасап шығару үшін бірнеше жылын акустика саласын зерттеуге сарп еткен. Шамасы қоңырау жел күшімен икемге келетін болуы керек.

Сәулетшінің тағы бір ерекшелігі - ол ғимарат жобасын толықтай сызып қоймаған. Басына келген идеяларын араға уақыт салып отырып түсірген екен. Гауди өзінің жұмысын жақсы көргендігі соншалықты, бірнеше жыл бойы құрылыс алаңынан ешқайда аттап баспай, сол жерді тұрғын үйіне айналдырған. Сәулетшінің күні-түні жұмысқа берілгендігі ел-жұрттың өсегіне айналып, көпшіліктің үрейін ұшырған кездер де болды.

Құрылыс жұмыстарының баяу жүруіне құралдардың, материалдардың, бастысы қаржының жетіспеушілігі себеп болды. Негізінде, шіркеу шығынын Барселона тұрғындарының садақасы, қайырымдылық қорына аударған қаржылары көтеріп келді. Тек осы соңғы жылдары ғана шетелдік инвесторлар көптеп қаржы аудара бастады. 

Гауди қайда дейсіз бе? Тың идеяларға бай сәулетші 74 жасында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жерге таяу маңда қайтыс болды. Елдің айтуынша, оны трамвай басып кеткен.

Гаудидің өлімінен кейін, жетімсіреп қалған шіркеу жұмыстары тоқтап қалды. Испаниядағы азамат соғыс кезінде анархисттер Гаудидің сызбасының көзін жойып жібергендіктен, "Құрылысты жалғастыру керек пе?" деген күмәнді сұрақтар етек алды.


Қазір Саграда Фамилияның айналасы крандар мен құрылысшыларға толы. Тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Бітіру жұмыстары 2026 жылға жоспарланып отыр.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева