Болгария елі жылдың кез келген мезгілінде туристерді құшақ жая қарсы алады. Бұл елде демалысты теңіз жағалауында ғана емес, қалаларда да өткізуге болады. Туристік қызметтерді жас мамандар көрсететіндіктен, олар орыс тілін жақсы біле бермейді. Сондықтан да, сапар алдында күнделікті тұрмыста көп қолданатын сөздердің болгар тіліндегі баламаларын біліп алғаныңыз абзал. Жергілікті тұрғындарға қарағанда, қызмет көрсету мен тауар бағалары шетел азаматтары үшін әлдеқайда жоғары.
«Әр елдің салты басқа» дегендей, бұл елде басын изеу «Жоқ», басын шайқау «Иә» дегенді білдіреді. Әдетте, қонақүй қызметкерлеріне шайпұл беріледі. Мейрамханалар мен дәмханаларда шайпұлды ортақ есепшотпен бірге берген жөн. Ешқашанда артық тиын-тебенді дастарханда қалдыруға болмайды.
Болгария қалаларының кез келген аудандарында телефон аппараттары орналасқан. Өзіңізбен бірге тек телефон картасын алуды ұмытпаңыз.
Болгариядағы дүкендер мен сауда орталықтары күн сайын сағат 9.30-18.00 аралығында жұмыс істейді. Қала орталықтарында тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін сауда нүктелерін кездестіруге болады.
Бұл елден әр түрлі базарлықтарды әкеле аласыз. Әдетте, қолөнер бұйымдары, зығыр маталары, ыдыс-аяқтар, кілемдер, әтірлер, былғары мен күміс өнімдері әкелінеді.
Сауда нүктелерінің басым көпшілігі София қаласындағы Витоша бульвары мен Мәдениет Сарайының жанындағы галереяда орналасқан. Бірақ та, сауда жасамас бұрын, кеден ережелерімен танысып, қандау тауарды мемлекеттен алып шығуға рұқсат беретіндігін біліп алыңыз.
Темекіге құмар жандардың бірі болсаңыз, Болгария шылым шегуге рұқсат берген елдердің бірі екенін естен шығармаңыз. Себебі, темекі тартуға рұқсат бере отырып, Болгария елінің басшылығы туристерді өзіне тартады.
Раушан гүлі Болгария елінің басты нышандарының біріне айналған. Жыл сайын елде мамыр айында раушан гүлдерінің фестивалі ұйымдастырылады. Фестиваль аясында егістік жерге раушан гүлдері отырғызылып, гүл күлтелерінен алқалар мен шеңбер жасалынады.
Суреттер: https://gobl.ru, https://expo-pages.com, https://www.domaza.ru