Білезік орындық

Кейде күні мен түні алма-кезек ауысып, зымырап өтіп жатқан өмірдің аласапыранынан алыстап, теңіз жағалауына барып, тыныштық пен таза ауа патшалық құрған мекенде отырып, күннің батысын рахаттана тамашалағың келеді... Орындыққа қисая сала ұйықтап кеткің келетін сәттер де аз болмайды.

Осындай демалысты армандайтын жандар үшін Ұлыбританияның шағын қалашығының билік органдары тамаша сыйлық тарту етті.  Олар Литтлхэмптон жағалауына әлемде жоқ аса үлкен орындық орнатты.
Жағалауды толықтай алып жатқан 324 метрлік орындық бір мезгілде 300 адамға қызмет көрсетеді.

Құрылыс Ұлыбританияның туризмі мен теңіз шипажайларын көркейту мақсатында жасалған «Түбегейлі өзгерістер» атты жоба бойынша жүргізілген. Негізінен, көптеген жұмыстар Гордон Роддик есімді азаматтың қайырымдылық үшін бөлген қаржысының арқасында іске асқан екен. Ол мұндай әрекеті арқылы өзінің жақында қайтыс болған әйелінің есімін жаңғыртқысы келген.

Айтпақшы, дизайнерлер жобаны жүзеге асыру барысында бастауыш сынып оқушыларының пікіріне құлақ түрген. Орындықтарды түрлі-түске бояу да бөбектердің идеясы.

Орындық дегенде, көз алдыңызға бір түсті тегіс келген заттың сұлбасы келері анық. Бірақ, бұл орындық мүлде басқаша! Ирек орындық сары, сарғыш, қою сары, алқызыл, қызыл қоңыр, көк, күлгін, жасыл түстерге боялған. Және орындық бір қарағанда әдемі білезікті еске түсіреді.


Ағылшындар алдағы уақытта орындық ұзындығын 621 метрге жеткізуді жоспарлап отыр.

Суреттер: www2.newsanons.ru,mirfactov.com,fotogeog.ru,mypleer.com,turm

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева