Бес түстің өзені

Сірә, құпиясы мен қыры мол  Табиғат-Ана сіз бен бізді таңырқатуды ешқашан да тоқтатпайтын шығар... Бұлай дейтініміз, адам нанғысыз құбылыстардың қатары күн өткен сайын өсу үстінде. Осыдан бірнеше ай бұрын "Қаймақ пен құлпынай қосылған" өзен туралы таныстырып өткен болсам, бүгін сіздерді Мөлдір өзенге саяхат жасауға шақырамын.

Мөлдір өзен (Кристальная река) - әлемдегі ең әдемі өзендердің бірі әрі бірегейі болып саналады. Жергілікті тұрғындар оны "Бес түстің өзені" немесе "Жұмақтан қашқан өзен" деп атайды екен. Бұл теңеулердің рас екендігіне өзенді өз көзіңізбен көргенде ғана көз жеткізе аласыз.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/8Kn4ATRbcnc","width":"425","height":"350"});

Өзен Макарена тау тізбектерінің оңтүстігінен бастау алып, Колумбияны басып өтеді де, шығысқа қарай бет алып, Гуайаберо өзеніне құяр жерде аяқталады.

Жергілікті тілде Каньо Кристалес деп аталатын таңғажайып өзен құрамына келбеті сұлу құздар, сарқырамалар, көз тартар иірімдер мен түрлі пішіндегі ойпаттар енеді. Судың мөлдірлігі соншалықты, су түбіндегі тіршілік айқын көрініп тұрады деседі. Өзен бойынан 5 түсті көре аласыз: көгілдір, сары, қызыл, қара, жасыл. Бұл табиғи құбылыстың негізгі себепкерлері - маусым сайын түстерін өзгертіп тұратын алуан түрлі балдырлардың тіршілік әрекеттері мен жаратылысы түсініксіз суасты тұрғындары екен.

Әлемдегі ең сұлу өзенге жету үшін Вильвисенсиодан Макаренаға ұшақпен жетіп, қайыққа отырасыз, межелі жерге жеткеннен кейін, таулы-тасты жерлермен аздап жүруіңізге тура келеді. Мөлдір өзенге қарай сапарыңызды маусым-қараша айларының аралығында жасаған дұрыс. Өйткені ЮНЕСКО-ның Адамзаттың табиғи байлықтарын қорғау бөлімі қыс, көктем айларында өзен аңғарларының аса қауіпті екендігін ескертіп отыр.

Кристалестің ұзындығы -100 шақырым, ал ені - 20 метр. Ал Макарена тау тізбектерінің жасы - 1 млн. 200 мың жылға жеткен. Макарена аймағында Мөлдір өзеннен басқа қыстыгүні қызыл түске боялатын Сьете Мачос аталатын көрікті өзен бар.

Суреттер:videla.ru,kirano.ru,worldplaces.ru,danilko5.beon.ru,lightsup.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева