Белоруссия құмырсқаларға арнап тоннель салды

Белоруссияның Витебск облысындағы Лепельск көліндегі аралдардың бірінде құмырсқаларға арналған тоннель салынды. Жаңа құрылыс жергілікті пансионаттың қасында экологиялық соқпақтың үстінде орналасқан. Құмырсқалардың миграциялайтын жолында ағаштан жасалған 3 көпір орнатылды.

Дегенмен құмырсқалар да, адамдар да бұрынғы маршрутынан айныған жоқ. Туристер бұрынғыша түсініксіз көпірді айналып өтіп, топырақтың үстімен жүріп-тұруда. Құмырсқалар өз кезегінде көпірдің дәл алдынан соқпақ жасап алып, тірліктерін жалғастыруда. Әйтсе де жобалаушылар көктемде, құмырсқалардың миграциясы кезінде көпірдің өз функциясына кірісетіндігін айтып отыр.

Айта кетелік, 2009 жылы Беловеж тоғайында бақаларға арналған жер асты жолы жасалған еді. Жобалаушылар шалшықтармен жиі қиылысатын автомобиль жолының астынан 3 құбыр орнатқан болатын. Ал бұдан 3 жыл бұрын осы тектес тоннель Березинск қорығында құрастырылды. Бұл құбырлар пайда болғанға дейін көлік дөңгелегінің астында аптасына 1,5 мың бақа жан тапсырып келген.

Бұндай жан-жануарларға арналған жер асты жолдары көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналған. Бұндай қадамдар сол аймақтың экожүйесіндегі балансты бұзбай, қаз-қалпында сақтап отыруға мүмкіндік береді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: lepel.by